Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге: Магистратура оқимын деп ыңғайсыз жағдайға қалып жүрмеңіздер
Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге: Магистратура оқимын деп ыңғайсыз жағдайға қалып жүрмеңіздер
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге магистратураны тек күндізгі бөлімде оқуға кеңес берді. Республикалық педагогикалық кеңес барысында министр магистратура бітірген мұғалімдерге ай сайын 29 мың теңге қосылатындықтан білімін жетілдіруге ниет танытушылардың саны артқанын баса айтты. Бұл ретте ол көрші елдердің жоғары оқу орындарында онлайн немесе сырттай оқып алған диплом Қазақстанда жарамай қалуы мүмкін екендігін қатаң ескертті. «Магистратураға түссеңіздер, онда кәдімгідей күндізгі бөліміне барып оқу керек. Егер басқа мемлекеттерде күндізгі бөлімге барып оқымаса, онда сұрақ туындайды. Ал Қазақстанның университеттерінде грантқа оқығандар бір бөлек, өздері төлеп немесе оқымай жүргендер бір бөлек. Сондықтан бұл мәселеде абай болыңыздар. Ертең алданып қалмаңыздар. Магистратура дегеннен кейін бәрі магистратураға құжат дайындап жатыр деген хабарды естіп отырмыз. Бұл мәселені байқау керек. Ертең магистратура дипломы жарамай қалса, онда өздеріңіз өте ыңғайсыз жағдайға ұрынып қаласыздар», - деп ескертті Асхат Аймағамбетов.