Жаңалықтар

Астанада «Парыз» байқауына өтінім қабылдау басталды

Өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізіледі.

Астанада 2026 жылға арналған «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі конкурсы басталды. Аталған байқау жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуді көздейді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Байқау төрт номинация бойынша өтеді:

1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын». Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады;

2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын». Бұл номинацияда еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады;

3) «Үздік ұжымдық шарт». Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады;

4) «Экологияға қосқан үлесі үшін». Бұл номинацияда қоршаған ортаның, қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеудің жай-күйін жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын, іс-шараларын және жобаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.

Сонымен қатар байқауда «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» үшін арнайы сыйлық қарастырылған.

Айта кету керек, конкурcқа жарғылық капиталындағы мемлекеттік үлесі немесе акциялары 50 пайыздан асатын ұйымдар қатыса алмайды.

Өтінімдер 1 шілдеге дейін қабылданады.

Қатысушылардың құжаттары hr.enbek.kz порталы арқылы («Парыз» номинациясы) қабылданады.