Астанада жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері сараптамалық платформада талқыланды
11 наурыз күні Астанада Парламент депутаттарының, саясаттанушылардың, академиялық қауымдастық өкілдерінің, журналистер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» атты сараптамалық алаң отырыс өтті.
Қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін және тұрақты мемлекет архитектурасын қалыптастыруға бағытталған институционалдық өзгерістерді талқылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қоғамның білімге негізделген дамуы, инновациялар және азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Алғашқы панельдік сессия жаңа Конституция институттарына арналды. Сессия модераторы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым болды. Пікірталас барысында сарапшылар жаңа Конституция жобасындағы институционалдық өзгерістерді және олардың саяси жүйенің тұрақтылығына ықпалын қарастырды.
Саясаттанушы Андрей Чеботарев Конституциялық реформаның мемлекеттік жүйенің институционалдық негіздерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Марат Шибутов жаңа Конституция жобасының азаматтардың саяси өмірге қатысуын қалай кеңейтетіні туралы талдау ұсынды.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Негізгі заң жобасы адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Саясаттанушы Талғат Қалиев өз сөзінде Конституциялық реформа тұрақтылығы көбіне жеке тұлғалық факторға сүйенген саяси жүйе моделінен ережелерге, рәсімдерге және өкілеттіктердің теңгеріміне негізделген неғұрлым институционалдық жүйеге көшу үрдісін көрсететінін айтты.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова жаңа Конституцияның өзегін құндылықтар, соның ішінде қоғамдық диалог пен сөз бостандығы құндылықтары құрайтынын атап өтті.
Журналист және сарапшы Нұрбек Матжани сөз бостандығы мен жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.
Ол негізгі кепілдіктердің қатарында цензураға тікелей конституциялық тыйым салынуын, сондай-ақ ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігінің бекітілуін атап өтті.
Білім беру, инновациялар және цифрлық құқықтар мәселелеріне арналған екінші панельдік сессияның модераторы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов болды. Қатысушылар конституциялық реформаның адами капиталды, ғылымды, инновацияларды және цифрлық ортаны дамытуға ықпалын талқылады.
Сессия барысында саясаттанушы Ғазиз Әбішев жаңа Конституция жобасында мемлекеттің және білім беру жүйесінің зайырлы сипатын бекітудің маңызын атап өтті.
Maqsut Narikbayev University профессоры Марат Ахмади қазіргі жағдайда адами капиталдың басты стратегиялық ресурсқа айналып отырғанын атап өтті. Сарапшының пікірінше, Конституцияда ғылымды, білім беруді және инновацияларды дамыту басымдықтарын бекіту Қазақстанның білім экономикасына көшуіне және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға институционалдық негіз қалыптастырады.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек технологиялық серпіліс өңірлік, географиялық, технологиялық және экономикалық теңсіздікті күшейтіп, белгілі бір теңгерімсіздіктер туғызғанын айтты.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жаңа Конституция жобасы адам мен бала құқықтарын қорғау жүйесін күшейтетінін атап өтті.
Осыған ұқсас пікірді Bilim Group компаниясының негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы да білдірді. Оның айтуынша, XXI ғасырда қоғам дамуының негізгі факторы – оның интеллектуалдық әлеуеті
Саясаттанушы Эдуард Полетаев қазіргі Конституция тек құқықтық қана емес, сонымен қатар стратегиялық функцияны атқаратынын, оның ұзақ мерзімді мемлекеттік дамудың құндылықтық аясын анықтайтынын айтты.
Сараптамалық платформа қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция Қазақстанның әрі қарайғы дамуының институционалдық және құндылықтық негіздерін қалыптастыратынын, оның адам құқықтарын нығайтуға, білім қоғамын дамытуға және мемлекеттік жүйенің тұрақтылығын жаһандық өзгерістер жағдайында арттыруға бағытталғанын атап өтті.