Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуінде сөйлеген сөздері
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуінде сөйлеген сөздері
«Түркістан – Атажұртымыздың алтын қазығы. Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі». «Қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз осында жерленген. Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді. Бұл Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді деген сөз. Ал, біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан, Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді». «Жақында Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» санаулы күннен соң Түркістанда өз мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы барынша сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан –халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені». «Қазақ «Қариясы бар елдің қазынасы бар» дейді. Түркістанда ұрпаққа жол көрсетіп, тағылымды тәрбие беретін данагөй ақсақалдарымыз аз емес. Олар түрлі жағдай кезінде жұртты сабырға шақырады. Жастарға басу айтып, кикілжіңге жол бермейді. Осындай аузы дуалы ел ағаларына зор алғыс айтамын. Бұл аймақта жігерлі ұл мен инабатты қыз өсіріп отырған асыл аналарымыз да көп». «Менің қасиетті Түркістанға ықыласым ерекше екенін білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды дәл осы жерден бастаған едім. Содан бері мұнда көптеген оң өзгеріс болды. Соңғы жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарды. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады». «Түркістан – еліміздегі ең басты туристік орталықтың бірі. Осы аймаққа келіп жатқан көптеген меймандар – соның айқын көрінісі. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келді». «Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Осылайша, халықтың тұрмыс сапасы біртіндеп жақсарып келеді. Әрине, өңірді дамытуға мемлекет барынша күш салады. Түйткілдер әлі аз емес, әсіресе, әлеуметтік салада мәселелер бар, дегенмен, ең бастысы – жергілікті жұрттың ынта-жігері». «Оңтүстік тұрғындары – еңбекқор халық. Сіздерде ауызбіршілік, әр істің көзін таба білетін іскерлік сияқты жақсы қасиеттің бәрі бар. Осында бау-бақшасын баптап, төрт түлігін өсіріп, берекелі өмір сүріп жатқан азаматтар аз емес». «Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінді. Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді. Ел іргесін бүтіндеп, тұғырын нығайту жолындағы осы маңызды жұмысқа сіздер зор үлес қосып келесіздер. Дегенмен, жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз керек». «Қазіргі халықаралық ахуал жөнінде қысқаша айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы – біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан, парасаттылық пен сабырлылық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек». «Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік. Осы құндылықтардан айырылып қалсақ, елімізге үлкен қауіп төнеді. Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Бұның бәрі бекер емес. Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек». «Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым». «Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі». «Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек». «Мен қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде және осы жолы киелі Түркістанда ата-бабаларымызға құран бағыштап, хандарымыздың рухына тағзым етіп, Алладан бір-ақ тілек тіледім. Ол – еліміздің амандығы және халқымыздың бірлігі». «Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады. Әлеуметтік саладағы бастамалар әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкеледі. Облыста апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер әлі де бар. Мемлекет бұл мәселені шешуге барынша күш салады. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазір 59 мектеп салынып жатыр. Себебі, еліміздің әрбір 7-ші сәбиі осы өңірде дүниеге келеді. Оларға сапалы білім ордаларын салып, жағдай жасау – маңызды міндеттің бірі». «Оңтүстіктегі 6 ауданда 900 мыңға жуық адам тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан, осы ауданда перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырамын. Оған қажетті қаржыны республикалық бюджеттен бөлу керек. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз». «Еліміздегі көп балалы аналардың үштен бірі Түркістан облысында тұратыны белгілі. Сондықтан, бұл бастама сіздер үшін де өте маңызды. Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың кәсіпкерлік бастамалары үшін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Жастарымыз осындай мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, өз кәсібін бастайды деп сенемін. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет зейнеттегі қариялар мен бесік тербеткен аналарға қолдау көрсете береді. Ал, жалынды жастарға өмірде өзінің лайықты орнын табуға жағдай жасаймыз». «Мен «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама қабылдауды ұсындым. Біз қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының тең жартысын балалардың есепшотына аударатын боламыз. Бұл қаржыны олар кәмелет жасына толғаннан кейін баспанаға немесе білім алуға жұмсай алады. Осы шешім ұлттық табысты әділ бөлу қағидатына сай келеді деп есептеймін. Аталған шаралардың бәрі өскелең ұрпақтың болашағына арналады». «Біз қазір Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Соңғы жылдары түбегейлі өзгерістер жасап, елімізді жаңғыртуды қолға алдық. Маусым айында өткен референдум халықтың бұл бастамаларды қолдайтынын көрсетті. Саяси реформалар елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтырды. Бұл Президенттік Республика боламыз деген сөз. Расында, ел басқаратын Президент құзырлы, күшті болуы керек. Әйтпесе, кейбір басқа елдердегі сияқты тәртіпсіздікке ұшырауымыз мүмкін. Ал, ондай жағдай халқымызға қасірет әкеледі. Бұдан былай Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша жасақталады. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін нақты шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі Парламентке берілді. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі енгізілді». «Біз қазір Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Соңғы жылдары түбегейлі өзгерістер жасап, елімізді жаңғыртуды қолға алдық. Маусым айында өткен референдум халықтың бұл бастамаларды қолдайтынын көрсетті. Саяси реформалар елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтырды. Бұл Президенттік Республика боламыз деген сөз. Расында, ел басқаратын Президент құзырлы, күшті болуы керек. Әйтпесе, кейбір басқа елдердегі сияқты тәртіпсіздікке ұшырауымыз мүмкін. Ал, ондай жағдай халқымызға қасірет әкеледі. Бұдан былай Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша жасақталады. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін нақты шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі Парламентке берілді. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі енгізілді». «Билік пен қоғам арасындағы диалог нығая түсті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына баса мән беріліп отыр. Бұл ауқымды жұмысты бүкіл қоғамымыз бірлесе атқарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалуға болмайды. Бәріміз осы сара жолмен ілгері жүруіміз керек. Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін». «Бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек. Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр». «Кезектен тыс Президент сайлауы биылғы 20 қарашаға белгіленді. Біз бұл науқанды заңға сәйкес, әділ және ашық өткіземіз. Түркістандықтар да сайлауға белсене қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін. Отанымыздың болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Сондықтан, баршаңызды ел тағдырына бей-жай қарамауға шақырамын. Әділетті Қазақстанды бірге құрайық! Түркі әлемінің бойтұмары – Түркістан көркейе берсін!».