Жаңалықтар

Атырауда отбасы шырқын бұзған 105 адам есепке алынды

Атырауда отбасы шырқын бұзған 105 адам есепке алынды

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Атырау қаласында 24-30 қаңтарда «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өткен. «Іс-шараның мақсаты – отбасында жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Осыған байланысты ішкі істер органдарының есебінде тұрған адамдарды тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексеру жүргізді. Бір аптада отбасы шырқын бұзған 105 адам есепке алынды. Оның ішінде 78 адамға қорғау нұсқамасы шығарылды. Сот қаулысымен 10 адамға ерекше талаптар орнатылды. Маскүнемдікке салынған 8, нашақорлық жолға түскен 4, қолайсыз отбасы есебіне 5 адам қойылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Сондай-ақ, іс-шара кезінде түрлі құқықбұзушылық жасаған 300-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге 100-ден астам құқықтық кеңес берілді.