Жаңалықтар

Ауданның дамуы түрлі бағытта жүзеге асуда

Облыс аумағының жартысына жуығын алып жатқан, негізгі бағыты мал шаруашылығы мен өнеркәсіп болып табылатын Мойынқұм ауданының әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштері жыл санап жақсарып келеді. Оған елімізде жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан түрлі мемлекеттік бағдарламалардың тигізіп отырған септігі аз емес. Мәселен, осы жылдың өткен 7 айында ауданның бірқатар әлеуметтік- экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан.

ӨНЕРКӘСІП ӨНІМДЕРІНІҢ КӨЛЕМІ АРТУДА

 

Атап айтсақ, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 63 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,7 миллиард теңгеге артқан. Осылайша нақты көлем индексі 100,8 пайызға орындалды. 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында өнеркәсіп өндірісі 58,3 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,5 пайызға орындалған болатын. Жалпы, бүгінде аудан өнеркәсібінің облыс өнеркәсібіндегі үлесі 12,7 пайызды құрап отыр.

Мойынқұм ауданында бүгінгі таңда көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамының Ақбақай филиалы алтын және күміс, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі цемент, «Шығыс кен басқармасы» кәсіпорны барит рудасын өндіріп, ауданның өндіріс көрсеткішінің артуына өз үлестерін қосуда. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразақовтың айтуынша, өңірде орналасқан өндіріс ошақтарының күшімен 7 ай ішінде 1161 килограмм алтын, 296 килограмм күміс, 985,8 мың тонна цемент, 402,4 мың тонна әктас, 102,4 мың тонна барит концентраты, 37,5 мың тонна барит рудасы, 14,3 мың текшеметр гранит, 20 мың тонна көмір, 66,3 тонна балық және өзге де өнімдер өндірілген. Осылайша, өнеркәсіп өнімдерін жыл соңына дейін 97,1 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы өнімдеріне келсек, оның көлемі 3 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 98 пайыз болған. Оның ішінде мал шаруашылығы 2,8 миллиард теңге, егін шаруашылығы 158,6 миллион теңгені құрады. Ал, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі болса 13,2 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 82,7 пайыз ғана болған. Оның ішінде, ғимараттар салу және күрделі жөндеу жұмыстарына кеткен шығындар 11 миллиард теңгені, машиналарды, жабдықтарды және көлік құралдарын сатып алуға және күрделі жөндеуге кеткен шығындар 1,7 миллиард, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлеміндегі өзге де шығындар 0,5 миллиард теңгені құрап отыр.

Меженің орындалмау себебін аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы былай түсіндіреді. «Shagala Mining» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі катодты мыс өндіруді ауданның Мыңарал елді мекенінде жүзеге асыруға жоспарланған инвестициялық жобаның алған техникалары мен құрылғыларының есебінен қол жеткізуді көздеген. Алайда, аудан аумағында катодты мыс өндіруші «Shagala Mining» кәсіпорнының инвестициялық жобасы, алған техникалары мен құрылғыларының құжаттары дұрыс болмағандықтан, уақытылы заңдастыру жұмысы жүргізілмеген. Оның салдары инвестиция көрсеткішіне кері әсерін тигізді. Әбдіғали Расулұлының айтуынша, «Shagala Mining» ЖШС есепті кезеңде 4,5 миллиард теңге инвестиция құяды деп жоспарланған. Алайда ол жыл басынан бері 1,4 миллиард теңге ғана инвестиция енгізген. Дегенмен, инвестиция көлемі жыл қорытындысымен шамамен 30 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,5 пайызға орындалады деп күтілуде.

Ауданда құрылыс саласында жүріп жатқан жобалар сан-саланы қамтиды. Мәселен, есепті мерзімде оның көлемі 21 миллиард теңгені, яғни 182,9 пайызды құраған. Былтыр алғашқы 6 айдың қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 11,4 миллиард теңге болып, 3,1 есе артқан екен. Осы жылы құрылыс жұмыстары көлемінің жылдық болжамы 29,6 миллиард теңгені құрап, 124,5 пайызға орындалады деп жоспарланып отыр. Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2391 шаршыметр болып, нақты көлем индексі 103,8 пайызға орындалған. Бөлшек сауда айналымының көлемі болса, ол 2,4 миллиард теңгені құраған. Жалпы, бөлшек сауда айналымының жылдық болжамы 3,6 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,5 пайызға орындалады деп күтілуде.

Биылғы 1 тамызға дейінгі меншікті кірістер ауданда 1682,5 миллион теңгеге (жоспар 801,4 миллион) жетіп, жоспар 2,1 есеге орындалған. Нәтижесінде, бюджетке 881,1 миллион теңге жоспардан артығымен түскен. Оның ішінде, салықтық түсімдер бойынша жоспар 795,2 миллион теңге болса, ол 1658,1 миллион теңгеге немесе 2,1 есеге орындалды. Осылайша, бюджетке жоспардан артық 862,9 миллион теңге кірістелген. Оның ішінде «Мыңарал тас» ЖШС бойынша біржолғы түсім корпоративтік табыс салығынан 200 миллион теңге түскен. Салықтық емес түсімдер бойынша жоспар 6,2 миллион теңге болса, ол 3,2 есеге орындалып, жоспардан 13,9 миллион теңге артық түскен. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 4,3 миллион теңгені құраған. Аудан бюджетінің шығындары бойынша осы жылдың 1 тамызына жоспарда 3491,5 миллион теңге болса, ол нақты 3259,9 миллион теңгеге немесе 93,4 пайызға орындалған. Осы жерде табиғи сипаттағы және құжаттамалық бірқатар себептерге байланысты бюджеттік бағдарлама әкімшілері 231,6 миллион теңге қаржыны игермегенін де айта кеткен жөн.

 

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ИГІЛІГІ – ХАЛЫҚҚА

 

Жол саласына бөлініп жатқан қаржы көлемі де артқан. Бұл ауданда соңғы жылдары жол құрылысына жақсы көңіл бөлініп жатқанын көрсетеді. Мәселен, биыл осы жұмыстар үшін 559,7 миллион теңге қаралыпты. Ол қаражат есебінен елді мекен көшелерінің 22,06 километріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша жол құрылысы бойынша жеті жоба іске асырылуда. Оның ішінде, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы бойынша бір жоба қолға алынып, Көкжелек ауылына кіреберіс аудандық мәндегі 2,7 километр автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу үшін 70,1 миллион теңге қарастырылған. Ұланбел және Көкжелек ауылдарындағы ұзындығы 6,63 километр болатын 7 көшені жөндеуге бағытталған екі жобаға 136,7 миллион теңге жұмсалмақ. Ұланбелде жалпы ұзындығы 3,9 километр болатын 3 көшені орта жөндеуге 128,7 миллион теңге, Көкжелек ауылында 2,73 километр болатын 4 көшені жөндеуге 142,5 миллион теңге қарастырылып, мердігерлер «AYAN B HOLDING» пен «Ал Кон Сер лтд» серіктестіктері асфальт жамылғысын төсеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда жұмыстар аяқталуға жақын.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша екі жоба қолға алынып, 263,2 миллион теңгеге Мыңарал ауылында екі көше, Айдарлы ауылында екі көшеге орташа жөндеу жоспарланған. Қазіргі кезде аталған елді мекендерде асфальт жамылғысы төселуде. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен тағы екі жобаға 178,9 миллион теңге қарастырылып, Мойынқұм ауылында ұзындығы 1 , 4 километр болатын бір көше, Күшаман ауылында 3,4 километрлік екі көше жөнделуде. Сонымен қатар аудан орталығының іргесіндегі Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысын жүргізуге бюджеттен 555,5 миллион теңге қаржы қаралған екен. «Алайда өзенде судың ағыны қатты болуы құрылыс жұмыстарын бастауға кедергі келтірді. Дегенмен, 15 мамырда ауылішілік тоғандарға су бұру жұмыстары жүргізілгендіктен , өзеннің ағыны саябырсып, мердігер «ЖБИ-С» мекемесінің мамандарына жұмыстарын бастау туралы тапсырма берілді. Ал 24 мамырдан бастап өзенге «Тасөткел» су қоймасынан секундына 86 текшеметр су түсе бастауы да іске көп кедергі келтірді. Дегенмен бүгінде құрылыс жұмыстары басталып, айналма жол салынып, демонтаж жұмыстары жүргізілуде», – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев.

Шалғай ауданда ауыз су тапшылығы бұрыннан күрделі мәселе болатын. Ол мәселе де өндіріс ошақтарының көптеп салынуымен біртіндеп шешімін тауып келеді екен. Жалпы, аудандағы 24 елді мекеннің бүгінде 20-сы орталықтандырылған ауыз су жүйесінен тіршілік нәрін пайдаланып отыр. Оның 8-інде (Мыңарал, Ұланбел, А.Назарбеков, Қарабөгет, Сарыөзек, Айдарлы, Көкжелек, Қылышбай ауылдары) таза ауыз су тәулік бойына берілсе, 12 ауылда (Мойынқұм, Құмөзек, Жамбыл, Күшаман, Бірлік, Биназар, Хантау, Қияқты, Мирный, Шығанақ ауылдары, Бурылбайтал, Мыңарал стансалары) 4-12 сағат аралығында берілуде. Қазіргі таңда аудан аумағында таза ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 4 елді мекен қалып отыр. Оның ішінде Ақсүйек пен Хантау ауылындағы ауыз су жүйесі өткен жылы пайдалануға берілуі тиіс болған. Бірақ, мердігердің жауапсыздығынан ол нысанның жұмыстары биыл аяқталмақ. Аудан әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, екі мердігердің қорытынды хаттамамен келіспеуіне байланысты сот процестері жүрген. Сот ісі былтырғы қыркүйек айында аяқталып, шешім қазан айында күшіне енген. Сөйтіп өткен жылдың қазан айында басталған нысанның құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау мүмкін болмаған. Осыған байланысты осы жылға өтпелі ретінде қалдырылған құрылыс жұмыстары қазіргі таңда жалғасуда. Қабылдау жұмыстары қазан айының соңында толығымен жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Ақбақай ауылын ауыз сумен жабдықтау және су тарату жүйелерінің құрылысына Ұлттық қор мен облыстық бюджет көздерінен 1,5 миллиард теңге қаржы қаралған. Мердігер «Интелект Азия» ЖШС келісімшартқа сәйкес екі ұңғыма қазу жұмысын жүргізіп, 8 километр магистраль құбырларын орнатқан. Жоба 2025 жылға өтпелі болғандықтан, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Мыңарал ауылдық округіне қарасты Қашқантеңіз ауылын сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысына келсек, тиісті сала мамандары жобаға сәулеттік бюроның келісімі күтілуде екенін алға тартады. Ал Шығанақ ауылдық округіне қарайтын Бурылбайтал ауылына орнатылатын кешенді блок-модуль құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, тиісті басқармаға бюджеттік өтінім берілген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаевтың айтуынша, 2023 жылы облыстық бюджеттен Мыңарал стансасына, Мыңарал, Шығанақ ауылдары, Мирный-Қияқты-Бурылбайтал стансасына мембраналық қондырғы орнату және оның бір жылдық қызмет көрсетуіне 311,9 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бүгінде жоғарыда аталған елді мекендерді толық сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жүргізіліп, нысандар қабылданған. Сәйкесінше, мердігерлермен бір жыл мерзімге күтіп- ұстау шарттары да рәсімделген. Сонымен қатар Биназар, Бірлік ауылдарындағы ауыз су жүйелеріне қайта жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Сөйтіп тиісті басқармаға қаржы бөлу үшін өтінім берілген.

 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА – САН АЛУАН ЖҰМЫСТАР

 

2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасының игілігін мойынқұмдықтар да көруде. Биыл осы жоба аясында Айдарлы ауылында 90 орындық клуб пен кітапхана салынуда. Ғимарат құрылыс нормаларына сәйкес алдағы жылы тапсырылады. Бұдан бөлек, Айдарлы ауылында осы жоба шеңберінде құны 359,2 миллион теңге болатын дене шынықтыру- сауықтыру спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, биыл аудан бюджеті есебінен Қияқты және А.Назарбеков ауылдарына футбол алаңшаларын соғу көзделген. Бұдан бөлек, демеушілердің күшімен Бірлік, Ұланбел, Мыңарал ауылдарында балалар ойын алаңшалары мен футбол алаңшалары соғылып, пайдалануға берілген.

Айдарлы ауылындағы №2 орта мектептің өткен жылы басталып, жыл бойы жыр болған күрделі жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, жаңа оқу жылында балаларға есігін айқара ашты. Былтыр басталған тағы бір құрылыс – Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары да аяқталған. Ал, ауданның Мыңарал және Қарабөгет ауылдарындағы мектептер апатты деп танылып, жабылғаны белгілі. Биыл бұл екі жобаға республикалық бюджеттен жалпы 3,4 миллиард теңге бөлініп, Мыңарал ауылында 120 орындық және Қарабөгет ауылында 80 орындық жаңа мектеп ғимараттары бой көтеруде. Ендігі кезекте 2025 жылы Қылышбай ауылындағы Ә.Төлепбергенов мектебін, Мойынқұм ауылындағы Жамбыл мектеп- гимназиясын және Көкжелек ауылындағы Б.Момышұлы мектебін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық- сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ Ақсүйек ауылындағы «Сказка», Шығанақтағы «Қуаныш», Мойынқұм ауылындағы «Құлыншақ» балабақшаларына күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық- сметалық құжаттама әзірлеуге тиісті басқармадан қаржы сұрауға өтінім берілген.

Денсаулық саласы бойынша айтсақ, ауданда бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар баршылық екен. Бүгінде аудан тұрғындарына 25 денсаулық сақтау нысаны (1 аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік- акушерлік тірек, 10 медициналық тірек, 1 жеке тіс клиникасы) қызмет көрсетуде. Өткен жылы аудандық орталық ауруханаға 19,9 миллион теңге тұратын ота жасау үстелі, 118,7 миллион теңгелік лазерлік операция жасайтын видеоэндоскопиялық кешен, құны 12 миллион теңге рентген нәтижесін оқитын аппарат, 3 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынған. Биыл Сарыөзек ауылындағы медициналық тірек ғимараты құрылысына 118,3 миллион теңге және инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 84 миллион теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталған. Аталған нысан жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Ауданда 1 мәдениет үйі, 20 кітапхана мен 18 клуб мойынқұмдықтарға жүйелі мәдени қызмет көрсетіп келеді. Ал аудан халқының 40 пайыздан астамы спортпен жүйелі түрде шұғылданатын көрінеді. Бүгінде оларға 3 спорт кешені, 1 орталық стадион, 32 спорт залы және 115 спорт алаңы мен алаңшаларының есігі әрдайым ашық.

ГАЗДАНДЫРУ ЖОБАЛАРЫНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Облыста ауыл тұрғындарының тұрмысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына Мойынқұм ауданында 8 ауылдық округ қатысуда. Бес жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жобаның бүгінде игілігін Биназар, Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл, Қылышбай және Қарабөгет ауылдық округтерінің тұрғындары көруде. Мәселен, жоба басталғалы ауданға 2,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. «Ауыл аманатының» бірінші бағыты бойынша, яғни «Үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану» аясында 133 гектар жерден өнім алу үшін 11,3 миллион теңгенің бақша дақылдары егіліп, өнім алынса, «Мал шаруашылығын дамыту» бағыты бойынша 1,4 миллиард теңгеге 5034 бас мал сатып алынған. Бүгінде ол өзінің оң нәтижесін бергенін байқауға болады. Жоба аясында жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану мақсатында 411,5 миллион теңгеге 57 жаңа техника мен қосалқы техникалар тапсырылып, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілсе, «Ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашу» бағыты аясында бір азамат 6,6 миллион теңгеге наубайхана ашып, ауыл тұрғындарының алғысына ие болуда.

– Биыл елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы саласына 74,9 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде тоғандарды байлау, нығайту жұмыстарына 55,7 миллион теңге (А.Назарбеков ауылындағы Байбарақ тоғанының бас бөлігін байлау, осы тоғанның жағалауын күшейту, Көкжелек, Жамбыл ауылдарындағы тоғандарды, Қызылотау ауылындағы Шу өзенін, Мойынқұм ауылындағы Ақиық тоғанын байлау, Радай өзенінің бас бөлігіндегі Шу өзенінің жағалауын қалпына келтіру, Биназар тоғанының жағалауын күшейту және байлау), ал механикалық тазалау жұмыстарына 5,5 миллион теңге қарастырылған. Жамбыл және Қызылотау ауылдық округтеріндегі механикалық жұмыстар және Байбарақ каналының жағасын нығайту жұмыстары толық көлемде аяқталды. Биназар, Байбарақ, Алайғыр каналдарының байлау жұмыстары аяқталғанымен, 25 мамырда «Тасөткел» су қоймасынан Шу өзеніне жіберілген су аталған байлауларды шайып, табиғи шығын болды. Бұл жөнінде акт толтырылып, хаттама жасалды. Осыған орай аталған жұмыстарды қайта қалпына келтіру үшін үнемделген қаржы есебінен Кеңес ауылдық округімен өтетін Биназар каналының жағалауын күшейту және байлау жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қаралды, – дейді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлендиев.

Мойынқұм ауданын газдандыру бойынша үлкен жоба басталғаны, аудан халқын көгілдір отынмен қамту үшін үш кезеңнен тұратын жоспар түзілгені белгілі. Мәселен, бірінші кезеңде тоғыз елді мекенді газбен қамту көзделген. Олар Айдарлы, Бірлік, Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай ауылдары. Бұл елді мекендер бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қажетті қаржы бөлінсе, құны 18500 миллион теңгені құрайтын жобаның құрылыс жұмыстары басталмақ. Екінші кезеңіне Биназар ауылынан Күшаман ауылына дейін 44 километр газ құбырын жүргізу жоспарланған, оның да мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған. Жобалық құны – 6900 миллион теңге. Үшінші кезеңге Күшаман ауылынан Қылышбай ауылына дейінгі 35,5 километр енген. Бұдан бөлек, ауыл ішіндегі газбен жабдықтау жүйелері төрт кезеңге бөлініп, тиісті жобалар әзірленіп, өтінім ұсынылған. Қазіргі таңда 13 елді мекенге газ құбырын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген. Оның жалпы ұзындығы 250,6 километрді құрайды. Қосылу нүктесі – Шу ауданының Д.Қонаев ауылы маңындағы «Шу» автоматтандырылған газ тарқату стансасы. Жалпы алғанда, аудандағы 24 елді мекенді көгілдір отынмен қамту мәселесі алдағы жылдары шешімін таппақ.