"Ауыл аманаты": Жамбылдық шаруларға 4 мың шағын несие берілген
Бұл туралы вице-премьер Тамара Дүйсенованың Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында өткізілген жиында айтылды
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу нәтижелерімен танысып, тұрғындардың табысын арттыру бойынша бірқатар мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өз тиімділігін танытып келеді.
Аталған жоба алғаш ел бойынша облыста пилоттық жоба ретінде енгізіліп, 11 елді мекенді қамтыған болатын. Ал, өткен жылы облыста 25,5 миллиард теңгеге 10 ауданның 38 округтен төрт мыңнан астам жоба қаржыландырылған.
Жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов ел аумағында жобаның іске асырылу барысымен таныстырып өтті.
Сондай-ақ, аталған жоба аясында 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, 62 ауылдық округ қамтылғандығын тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек жобадағы тың өзгерістер жайын айтып өтті.
Оның сөзінше, биыл «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты-өз кәсібін ашу бойынша бірқатар салаға басымдық берілген. Мәселен өткен жылы жоба аясында өңірде несие алушылардың 92 пайызы мал шаруашылығымен айналысуға өтінім білдірген. Дегенмен күні бүгінге дейін облыс көлемінде өзге өңірден мал сатып алу бойынша ешқандай өсім байқалмағандықтан, жаңа жүйе енгілмек.
Өз кезегінде аталған жүйенің тиімділігін тілге тиек еткен вице-премьер Тамара Дүйсенова халықтың табысын арттыру мақсатында өзге де бағдарламаларды жүзеге асырып, шаруалар өнімдерін терең өңдеуге баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарының кәсіпкерлері өзара тәжірибе алмасу бағытында баяндамалар жасады. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев вице-премьердің бастамаға қолдау танытып отырғандығына алғысын жеткізіп, оң көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында бірлесе жұмыстар атқаратындығына сенім білдірді.