Ауыл шаруашылығы интервьюерлерін sanaq.gov.kz сайты немесе 1446 нөмірі арқылы тексеруге болады
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағының ең ауқымды — екінші кезеңі жалғасып жатыр. Еліміз бойынша 2,5 мыңнан астам Ұлттық статистика бюросының интервьюері елді мекендерді аралап, аграрлық салаға қатысты деректерді жинап жатыр.
Интервьюерлерді арнайы көгілдір түсті формасынан және бейджі бар қызметтік куәлігінен оңай тануға болады. Бейджде орналасқан QR код арқылы қызметкердің жеке басын бірден тексеруге мүмкіндік бар.
Сонымен қатар интервьюердің куәлік нөмірін sanaq.gov.kz сайтындағы «Интервьюерді іздеу» бөлімінде енгізу арқылы немесе 1446 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, ақпаратты нақтылауға болады.
Ұлттық статистика бюросы барлық жауаптардың құпия сақталатынын және тек ресми статистиканы қалыптастыру үшін ғана пайдаланылатынын еске салады.
Ауыл шаруашылығы санағының офлайн кезеңі 20 қазанға дейін жалғасады.