Айдос Сарым: Жаңа Конституция жобасы – бірегей тарихи құжат
Жаңа Конституция жобасы – сарапшылар мен қоғам өкілдерінің ұзақ әрі тиянақты еңбегінің нәтижесінде әзірленген бірегей тарихи құжат.
Ол жалпыхалықтық референдумға шығаруға толық дайын. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-ші отырысында мәлімдеді.
Айдос Сарымның айтуынша, жаңа Конституцияны дайындау барысында бірқатар маңызды серпінді қадамдар жасалды.
Оның сөзінше, жаңа Ата заңның жобасы Қазақстанның тарихи даму жолын жан-жақты ескеріп, мемлекеттіліктің сабақтастығын айқындайды.
Сондай-ақ, ол құжатта ұлттық қауіпсіздік, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтау, Қазақстан шекарасының мызғымастығын қамтамасыз ету мәселелері толық қамтылғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, Қазақстан өз Конституциясында алғаш рет ғылым, білім, мәдениет және инновация салаларының басымдығын айқындап отыр.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Конституция жобасында «Заң мен Тәртіп» қағидаттары ұлттық басымдық ретінде айқындалып, қазақстандықтардың ел табиғатының тағдырына ортақ экологиялық жауапкершілігі бекітілген.
Сөз соңында ол жаңа Конституцияны әзірлеу барысында ауқымды әрі мұқият жұмыс жүргізілгенін атап өтті.