«Айнұр Тұрсынбаева әйелдерді адастырып жүр»: Әнші Жеңіс Ысқақова ақылын сататын коучтарды жауапқа тартуды ұсынды
Өнер иесінің айтуынша, коучтар әйелдерді адастырып жүр
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова «ADAL Adam» Youtube арнасына берген сұхбатында айтыскер ақын айнұр Тұрсынбаева бастаған коучтарды қатаң сынап, оларды заң жүзінде жауапқа тарту керегін алға тартып отыр, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Жеңіс Ысқақова Айнұр Тұрсынбаеваның курсын сатып алса да қарызға іш киім алып, өмірін өзгерткісі келіп жүрген әйелдерді сынаған.
«Әлеуметтік желіден бір ер адамның Айнұр Тұрсынбаева туралы жазғанын оқып қалдым. Ол кісінің айтуынша, әйелінің әріптесі бар екен, өзі ұстаз. Сол кісі Айнұрдың сабағын сатып алып, өзін бақытты ету үшін дүкеннен 60 мың теңгеге бірнеше дана іш киім сатып алыпты. Оның үстіне, онысын қарызға алып, ақшасын төлей алмай жүр екен. Әлгі ер адам: «Айналайындар-ау, Айнұрды тыңдап, ешқашан қымбат іш киім кие алмайсыңдар, керісінше, сендердің ақшаларыңа қымбат іш киімді Айнұр киеді. Ал сендер, өмір бақи тиын санап жүресіңдер» деп жазыпты. Шынында да, бұл ұят нәрсе ғой. Қазір кім-кімге ақыл айтып жүр сонда?»,-деген Жеңіс Ысқақова коучтар елге ақыл айтпастан бұрын өз өмірлеріне қарап алсын дейді.
Журналистің “сонда Айнұр Тұрсынбаеваның елге ақыл айтатындай құқы жоқ па” деген сауалына Жеңіс Ысқақова былай жауап берген:
«Ол неге әйелдерді жолынан адастырады? Жалпы әлеуметтік желіде отырып алып, ешкімнің біреуге ақыл айтуға құқысы жоқ. Әуелі өзіңді жөндеп алсаңшы».
Бұл ретте Жеңіс Ысқақова ақыл айтып, ақша тауып жүрген адамдарды жазаға тарту керек деген.