Жаңалықтар

Қайрат Нұртас пен Сырым Исабаев арасында кикілжің туғаны рас па?

Сырым Исабаев аталған ақпараттың рас-өтірігін анықтады

Сахнадан біраз уақытқа дейін көрінбей кеткен Сырым Исабаев "1001 түн" бағдарламасындағы сұхбатында өзінің әнші Қайрат Нұртаспен арасында араздыққа қатысты қауесетке жауап берді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

«1001 түн» бағдарламасы барысында жүргізуші әнші өнерден алыстаған шағында ел арасында "Қайрат Нұртаспен сыйыспай қалды", "Сырым Қайраттан мықты болған соң, Қайраттың анасы Сырымды сахнаға шығартпады" деген қауесет тарағанын айтып, бұл таралған ақпараттың рас-өтірігін сұрады.

Әнші Сырым Исабаев әріптесі Қайрат Нұртаспен жақсы қарым-қатынастамыз деп атап өтті.

"Мен сахнадан көрінбей кеттім, бірақ өнер иелерімен достығым тура баяғыдай қалды. Бұлай айтылатын әңгіменің бәрі жалған, қауесет, кейбір адамдар мені тіпті ана өмірге аттандырып жіберген. Қайрат екеуміз өнер жолын жеке-жеке бастағанбыз. Шымкенттегі "Оңтүстік жұлдыздары" бағдарламасының соңында дуэт айтқаннан кейін Қайраттың анасы Гүлзира Айдарбекованың көзіне мен түсемін, "мынау сұлу жігіт екен, екеуі дуэт болса жарасады, біреуі салмақты" деп ойлайды, сомен менің әкемнің көзіне Қайрат түседі, әкем "дауысы, сахнада өзін ұстауы керемет екен" дейді. Сөйтіп жарыстан кейін екеуі бірге шай ішіп, менің әкем біздің дуэтке демеуші, ал Қайраттың анасы продюсер болады. Солай біз бір жыл ішінде бейнебаяндар түсіріп, халықтың көңілінен орын таптық. Қайраттың дарынын өздеріңіз де білесіздер, қанша жылдан бері алып келе жатыр, бекер емес. Қайратпен жұмыс істеу өте оңай болатын, әнді жылдам әрі оңай таңдайтын", - деді әнші.