Жаңалықтар

ҚазҰСШИУ-де ардагерлер ұйымының есеп беру–сайлау жиналысы өтті

Жиында ұйымның 2025 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі бағыттар айқындалды.

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде ардагерлердің бастауыш ұйымының есеп беру–сайлау жиналысы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Басқосуға бастауыш ардагерлер ұйымының 55 мүшесінің 37-сі қатысып, университет басшылығы мен Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері арнайы шақырылды. Жиналысқа Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова, университеттің басқарма төрайымы – ректор Камшат Түсіпова және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сауранбек Жамалбеков қатысты.

Жиналыс төрағасы болып профессор Жүсіпбек Сүлейменов, хатшысы болып Марат Аязбай сайланды. Күн тәртібінде бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасының 2025 жылғы жұмысы туралы есеп, ардагерлер кеңесінің жаңа құрамын сайлау және Тараз қалалық ардагерлер ұйымының XIII конференциясына делегат ұсыну мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Сағатбек Мырзашев баяндама жасап, бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, ардагерлер ұйымы университеттің қоғамдық-мәдени өміріне белсенді араласып, жастар тәрбиесі, тарихи сабақтастықты сақтау және оқу орнының дамуына рухани қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізген.

Есепті кезеңде Қарттар күніне орай салтанатты кездесу ұйымдастырылып, бірқатар ардагерлерге құрмет грамоталары мен сый-сияпаттар табысталған. Сондай-ақ мерейтой жасына толған ардагерлерге қалалық ардагерлер кеңесі мен мәслихат тарапынан марапаттар берілген.

Ардагерлер университет студенттерімен кездесулер өткізіп, бұрынғы гидроинституттың тарихы, оны қалыптастырған тұлғалар – Рахмет Жулаев пен Марс Үркімбаевтың еңбегіне арналған дәрістер циклын ұйымдастырған. Сонымен қатар қоғам және мемлекет қайраткері Әлішер Бүркітбаевтың өмірі мен қызметіне арналған тағылымды кездесу өтіп, деректі фильмдер мен слайдтар көрсетілген.

Жарыссөз барысында сөз алған профессор-оқытушылар мен қонақтар ардагерлер ұйымының жұмысына оң баға беріп, оның жастар тәрбиесіндегі рөлін ерекше атап өтті. Университет ректоры Камшат Түсіпова ардагерлердің өмірлік және ғылыми тәжірибесінің оқу-тәрбие үдерісіндегі маңызын атап өтіп, алдағы уақытта да тығыз әріптестік жалғасатынын жеткізді.

Жиын қорытындысы бойынша бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысы «қанағаттанарлық» деп бағаланды. Дауыс беру нәтижесінде ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы сайланып, оның құрамына Жүсіпбек Сүлейменов, Сағатбек Мырзашев, Хамбар Тұрсынбаев, Михаил Сенников және Марат Аязбай енді. Сағатбек Мырзашев ұйым төрағасы болып бірауыздан қайта сайланып, Тараз қалалық ардагерлер ұйымының XIII конференциясына делегат ретінде ұсынылды.

Жиын соңында ардагерлер ұйымының алдағы жоспарлары таныстырылып, ұлттық университет мәртебесін нығайту, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және оқу орнының дамуына үлес қосу бағытындағы жұмыстар жалғасатыны айтылды.