Қазақстан экономикасының 2025 жылғы негізгі көрсеткіштері жарияланды
2025 жылға экономикалық өсім болжамы мен 2026 жылға қолдау шаралары қаралды
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиында 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім болжамы және 2026 жылы өсуді қолдау тетіктері талқыланды.
Өңдеу өнеркәсібінде 11 айдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексі (НКИ) 105,9%-ды құрады. Ал жыл қорытындысы бойынша өсім 6% деңгейінде болады деп күтілуде.
2025 жылғы негізгі өңдеу салалары бойынша өсім болжамы мынадай:
металлургия (өңдеу құрылымында 40%) – 1,1%;
машина жасау (17,5%) – 12%;
тамақ өнеркәсібі (13,1%) – 9%;
құрылыс материалдарын өндіру (5,6%) – 6%;
химия өнеркәсібі (5,4%) – 6%;
жеңіл өнеркәсіп (0,7%) – 5%.
Штаб отырысында өңдеу өнеркәсібі экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің бірі ретінде атап өтілді. Түсті және қара металлургияны дамыту перспективалары, «Бәйтерек» холдингі желісі арқылы қаржыландырылатын жобалардың жүзеге асырылуы, өңірлердегі инфрақұрылымның жай-күйі және саланың тұрақты дамуына әсер ететін өзге де факторлар қаралды.
Өңірлердің ресурстық және инфрақұрылымдық әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін ескере отырып, вице-премьер өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқынын қамтамасыз етуге бағытталған жол картасын әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс материалдары өндірісін қолдау шараларына ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді.
Сауда саласында 11 айда НКИ 8,8%-ға өсіп, жыл қорытындысы бойынша 8,9% деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Сауда өсімінің шамамен 72%-ы бес өңірге тиесілі. Атап айтқанда, Алматы қаласында тауар айналымы 24,6 трлн теңгеге жетсе, Астанада – 10,9 трлн теңге, Атырау облысында – 6,7 трлн теңге, Қарағанды облысында – 4,5 трлн теңге, ал Шымкент қаласында – 3,6 трлн теңге тіркелген.
760 мыңға жуық бизнес субъектісі жұмыс істейтін бөлшек сауда құрылымында жеке кәсіпкерлердің тауар айналымы 10%-ға өсіп, 8,2 трлн теңгені құрады. Ал жедел деректерге сәйкес, 11 айдағы онлайн сауда көлемі 3,3 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,4%-ға артқан.
Ауыл шаруашылығы саласы да барлық бағыт бойынша тұрақты өсім көрсетіп отыр. 11 айдың қорытындысы бойынша НКИ 106,1%-ды құрады, ал жылдық өсім 5% деңгейінде болжануда. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 3%-ға жоғары.
Республикалық орташа деңгейден жоғары өсім Ақмола (115,7%), Қостанай (115,4%), Солтүстік Қазақстан (110,5%), Павлодар (108,2%) және Атырау (107,4%) облыстарында тіркелді.
Биыл дәстүрлі дақылдармен қатар жоғары маржиналды майлы және бұршақ дақылдары айтарлықтай өсім көрсетті. Бұршақ дақылдарының өнімі 1,1 млн тоннадан асып, рекордтық көрсеткішке жетті. Алғаш рет майлы дақылдар өндірісі 4,7 млн тоннаны құрады. Мақта жинау көлемі 428 мың тонна болып, өнімділігі гектарына 29,6 центнерді көрсетті. Бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары нәтиже.