Жаңалықтар

Қазақстан мен Германия туризм саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Германияның Туристік қауымдастығының (DRV) делегациясымен, сондай-ақ жетекші неміс туроператорларымен кездесу өткізіп, туризм саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

  Кездесуге Германия Туристік қауымдастығының президенті Норберт Андреас Фибиг, неміс туроператорларының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Кездесуді аша отырып, Ермек Көшербаев Қазақстан Германия Федеративтік Республикасымен байланыстарды нығайтуға ерекше мән беретінін, ал туризм екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды бағыты болып саналатынын атап өтті. 

Кездесудің негізгі тақырыбы – неміс нарығында Қазақстанды туристік бағыт ретінде ілгерілету перспективалары, сондай-ақ 2026 жылы елімізде DRV Destination Forum-ды өткізу мүмкіндігін қарастыру болды.

Германия Туристік қауымдастығының президенті Норберт Андреас Фибиг неміс туристік нарығы үшін Қазақстанның тартымдылығын атап өтті. 

Неміс делегациясының сапар бағдарламасына Астана, Алматы және Байқоңыр қалаларына бару енгізілген. Қонақтар Қазақстанның туристік әлеуетімен және бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктерімен танысады.

Кездесу соңында Ермек Көшербаев Қазақстан мен Германияның бірлескен күш-жігері екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достықты одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.