Қазақстан мен Тәжікстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстан Республикасына мемлекеттік сапары басталды
Қазақ президетін Душанбе әуежайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қарсы алды. Мұнан кейін Қазақстан мен Тәжікстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты серіктестігінің берік негізі саналатын жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулерге баса мән беретінін айтты.
Эмомали Рахмон екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық, көлік-транзит, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары салаларындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Тәжікстан экономикасын дамытуға тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асырудың перспективалары қарастырылды.
Сапар аясында екі ел үкіметтері делегацияларының қатысуымен жоғары деңгейде келіссөздер өтеді. Сондай-ақ екі елдің cаяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.