Жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан алыс-берісті ұлғайтады

Қазір екі ел құны 1 миллиард долларға жақындайтын 21 жобаны пысықтап жатыр

Қазақстан мен Өзбекстан екіжақты сауда айналымын екі есе, 10 миллиард долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

 

Бүгін Астанаға Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов ресми сапармен келді. Қазақстан СІМ басшысы өзбек әріптесімен екіжақты келіссөз өткізді.

Министр қазақ-өзбек шекарасында Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының іске қосылуы екіжақты сауда айналымына едәуір арқау болады деп үміттенеді.

Сондай-ақ екі тарап Орталық Азия халқының көкейінде жүрген маңызды мәселе – су-энергетика кешені төңірегінде пікір алмасып, оны шешу жолдарын талқылаған.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Өзбекстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін  жаңа темір жолдарды салу жобалары да назардан тыс қалған жоқ.

Айта кетері, сапар бағдарламасына сәйкес, Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі.