Жаңалықтар

Қазақстанда 54 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) 54 мың отбасындағы 290,6 мың адамға 30,3 млрд теңге сомасында тағайындалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz   Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 98,4 млрд теңге қарастырылған.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

Атаулы әлеуметтік көмек:

табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындауды;

табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беруді;

жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді көздейді.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК-ке өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.