Қазақстанда балаларға психологиялық көмек көрсететін ортақ онлайн жүйе іске қосылады
Жоба қауіп-қатерлерді ерте анықтауға, психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға және баланы қорғау жүйесінде педагог-психологтардың рөлін күшейтуге бағытталған
«Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында елімізде балаларды психологиялық диагностикадан өткізу және сүйемелдеуге бағытталған бірыңғай цифрлық платформа құрылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жаңа платформа психологиялық және мінез-құлықтық тәуекелдерді жүйелі түрде анықтауға, баланың психоэмоциялық жағдайының динамикасын бақылауға, сондай-ақ қолдауды қажет ететін балаларды үздіксіз әрі нысаналы сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Процестерді цифрландыру балаға көрсетілетін көмектің бірыңғай бағытын қалыптастыруға, ведомстволар арасындағы функциялардың қайталануын болдырмауға және мамандарға түсетін кәсіби жүктемені азайтуға жағдай жасайды.
Жалпы алғанда, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы педагог-психологтар институтын және балалардың психологиялық қауіпсіздігі жүйесін кешенді түрде нығайтуды көздейді.
Атап айтқанда, келесі шараларды іске асыру жоспарланып отыр:
• білім беру ұйымдарында балалардың әлеуметтік эмоциялық дағдыларын дамытуға бағытталған педагог-психолог сағатын енгізу;
• зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған көмек кабинеттерін ашу;
• ел бойынша педагог-психологтарға арналған бірыңғай кәсіби стандарттар мен біліктілік талаптарын қайта қарау;
• дағдарыстық жағдайлармен және цифрлық тәуекелдермен жұмыс істеуді қоса алғанда, қазіргі заман талаптарын ескере отырып, мамандардың біліктілігін міндетті түрде арттыру;
• кейс менеджмент институтын дамыту, бұл ретте педагог-психолог бала мен отбасын кешенді сүйемелдеудің негізгі қатысушысына айналады;
• ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде, оның ішінде қылмыстық процесс аясында, зардап шеккен балалар мен зорлық-зомбылық куәгерлерін сүйемелдеуде психологтардың міндетті түрде қатысуын қамтамасыз ету.
Аталған шараларды іске асыру жүйелі профилактикаға көшуге, педагог-психологтардың мәртебесі мен кәсіби тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ тұрғылықты өңіріне қарамастан әрбір балаға уақтылы, кәсіби және үздіксіз психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.