Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тек үштен бірі ғана жұмыс таба алады

Жаңа Инклюзивті саясат тұжырымдамасы мүгедектікті тек медициналық мәселе ретінде емес, әлеуметтік бейімделу тұрғысынан қарастыруды көздейді. Алайда, еңбек нарығындағы жағдай әлі де күрделі.
Мемлекеттің қолдау шараларына қарамастан, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейі 35 пайызды ғана құрайды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40 пайыздан төмен емес, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жұмысқа орналасу кезінде мүгедектігі бар азаматтар көптеген қиындықтарға тап болады. Жұмыс берушілердің квота талаптарын орындамауы, кәсіптік қайта даярлау мүмкіндігінің шектеулі болуы және еңбек нарығына бейімдеу шараларының әлсіздігі – ең өзекті мәселелердің бірі. Заң бойынша, компаниялар мүгедектігі бар адамдар үшін 2–4 пайыздан квота бөлуі тиіс, бірақ бұл талап толық орындала бермейді.
Ауылдық жерлердегі жағдай одан да күрделі. Мүгедектігі бар азаматтардың 40,1 пайызы ауылдық жерде тұрады, ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 70 пайыздан асады. Инфрақұрылым да үлкен мәселе. Елімізде 42,9 мың нысан бейімделген деп есептелгенімен, олардың тек жартысы ғана толық қолжетімді. Алматыда 10 мыңға жуық нысан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы болса, Астанада бұл көрсеткіш небәрі 1,7 мың ғана.
Жаңа тұжырымдама 2025–2030 жылдар аралығында инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған. Алдағы жылдары жұмыс берушілерді мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдауға ынталандыру шаралары қарастырылмақ. 2030 жылға қарай олардың жұмыспен қамтылу деңгейін 40%-ға жеткізу жоспарланған. Алайда, нақты өзгерістер баяу жүріп жатыр, ал бұл аралықта мыңдаған адам еңбекке қабілетті бола тұра жұмыс таба алмай отыр. Қоғам мүгедектігі бар адамдарға арналған мүмкіндіктерді арттырмайынша, инклюзивті орта тек қағаз жүзінде ғана қала бермек.