Қазақстандағы әрбір жетінші сәби Түркістан облысында дүниеге келеді
Қазақстандағы әрбір жетінші сәби Түркістан облысында дүниеге келеді
«Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады. Әлеуметтік саладағы бастамалар әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкеледі. Облыста апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер әлі де бар. Мемлекет бұл мәселені шешуге барынша күш салады. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазір 59 мектеп салынып жатыр. Себебі, еліміздің әрбір 7-ші сәбиі осы өңірде дүниеге келеді. Оларға сапалы білім ордаларын салып, жағдай жасау – маңызды міндеттің бірі», - деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, оңтүстіктегі 6 ауданда 900 мыңға жуық адам тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. «Сондықтан, осы ауданда перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырамын. Оған қажетті қаржыны республикалық бюджеттен бөлу керек. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз. Еліміздегі көпбалалы аналардың үштен бірі Түркістан облысында тұратыны белгілі. Сондықтан, бұл бастама сіздер үшін де өте маңызды. Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың кәсіпкерлік бастамалары үшін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Жастарымыз осындай мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, өз кәсібін бастайды деп сенемін. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет зейнеттегі қариялар мен бесік тербеткен аналарға қолдау көрсете береді. Ал, жалынды жастарға өмірде өзінің лайықты орнын табуға жағдай жасаймыз», - деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.