Қазақстанда “Жасанды интеллект туралы“ жаңа заң күшіне енді
Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Елімізде «Жасанды интеллект туралы» жаңа заң күшіне енді. Заңға қол қойылған сәттен бастап 60 күн өтті және белгіленген рәсімдерге сәйкес, бүгіннен бастап құжат толық көлемде қолданысқа енгізілді, деп хабарлады Jambylinfo.kz
Заң жасанды интеллектіні пайдалануды, атап айтсақ, әділдік пен теңдік, алгоритм ашықтығы мен түсініктілігі, жауапкершілік пен бақылауда болуы, деректер мен құпиялықты қорғау, сондай-ақ, ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігі туралы ережелерді айқындайды. Пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің мүмкіндіктері, сипаттамалары мен шектеулері туралы толық ақпарат ұсынылуы шарт.
Жасанды интеллект жүйелерін құру және пайдалану қоршаған ортаға теріс әсер етпеуі, сондай-ақ энергия тиімділігі талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс.
ЖИ жүйелерін пайдалану жеке деректер мен құпия ақпаратты қорғау талаптары сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заң деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу шараларын, сапалы деректерді пайдалануды, ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуді көздейді.
Құжатқа сәйкес, жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейі бойынша - төмен, орта және жоғары тәуекелді жүйелерге жіктеледі. Маңызды салаларда немесе мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыру кезінде қолданылатын жоғары тәуекелді жүйелер ақпараттық қауіпсіздік талаптары бойынша мемлекеттік жүйелерге теңестіріледі.
Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалған туындылар адамның шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана «авторлық құқық объектісі» деп танылады. Адамның зияткерлік қызметінің нәтижесі арқылы алынған мәтіндік сұраулар (промпттар) да авторлық құқықпен қорғалады. Автор немесе құқық иесі тыйым салмаған жағдайда ғана ЖИ модельдерін оқыту үшін туындыларды пайдалануға рұқсат етіледі.
«Жасанды интеллект туралы» заңның күшіне енуі Қазақстанда жауапты, қауіпсіз және адамға бағдарланған жасанды интеллектіні дамытудағы маңызды кезең. Бұл модель инновациялар, азаматтардың құқықтарын қорғау және цифрлық экономиканың орнықты дамуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.