Қазақстандық ғалымдар сейсмикалық қауіпсіздікке арналған отандық технологияны сынақтан өткізуде
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Сәтбаев университеті ғалымдары ғимараттар мен инженерлік нысандардың сейсмикалық төзімділігін арттыруға арналған белсенді басқарылатын виброплатформаны әзірледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сейсмикалық қауіпті аймақтарда орналасқан қалалар үшін бұл жоба ерекше практикалық маңызға ие.
Ғылыми жаңалық параллельді манипуляторларды белсенді сейсмикалық қорғау жүйесінде қолдану қағидатына негізделген. Ұсынылған технология жер сілкінісі болған сәтте автоматты түрде іске қосылып, құрылымға әсер ететін тербелістерді нақты уақыт режимінде анықтайды және олардың ықпалын динамикалық түрде өтейді.
Жоба жетекшісі, PhD, қауымдастырылған профессор Қуаныш Абжапаровтың айтуынша, бұл жүйе дәстүрлі пассивті сейсмикалық қорғау тәсілдерінен өзгеше. Яғни ол сыртқы әсерлерге жедел жауап беріп, топырақ қозғалысын белсенді түрде теңестіруге мүмкіндік береді.
Жоба аясында виброплатформаның тәжірибелік үлгісі жасалып, бірқатар сынақ кезеңдерінен өтті. Зерттеу жұмыстарына «Автоматтандыру және робототехника» білім беру бағдарламасының магистранттары Ержан Жұмабекұлы мен Мақсат Амангелді де белсенді қатысуда. Алынған нәтижелер жаңа технологияның тиімділігін және оны өндірістік тәжірибеге енгізу әлеуетінің жоғары екенін көрсетті.
Қазіргі уақытта жоба гранттық қаржыландыру конкурсына ұсынылған. Алдағы уақытта жүйені кең ауқымды сынақтан өткізіп, тәжірибелік қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.