Қазақтілді оқушылардың орыстілділерден сауаты төмен - зерттеу
Бұған мұғалімдердің оқу процесіне дайындығының жеткіліксіздігі де себеп
Қазақстандық Spik.kz сараптамалық порталына қазақтілді балалардың оқу сауаттылығы төмен деген мақала жарияланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. Halyq Uni-ке сілтеме жасап.
Мақалада Алматыдағы Крылов атындағы кітапханада өткен кездесуде жазушылар мен кітапханашылардың мектеп оқушыларының әдебиетке деген құлшынысының жоқтығына шағымданғаны туралы айтылады.
№81 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары Шекспир, Гете сынды белгілі жазушыларды танымайды. Кітапханашының айтуынша, мұғалімдер оқушыларды жазғы демалыста әдебиетті оқуға ынталандырмайды.
Халықаралық зерттеулер қазақтілді және орыстілді білім алушылардың оқу сауаттылығындағы алшақтықты растады.
2016 жылы жарияланған PIRLS зерттеуіне сүйенсек, қазақ тілінде оқитын балалар орыстілді сыныптардағы құрдастарынан 51 ұпай аз жинаған.
2021 жылы бұл айырмашылық 53 ұпайға дейін өскен. PISA-2018 зерттеуінде де алшақтық өсіп, Қазақстанның әртүрлі аймағында 70-83 баллға дейін жеткен.
Мақалада келтірілген дерекке сүйенсек, әр аймақта қазақ тілінде оқитын мектеп оқушылары көбейген сайын оқу сауаттылығы төмендейді. Ал дәл осы дерек бойынша, оңтүстік облыстар мен Алматы қаласы алдыңғы орынға шыққан. Материалда кітап оқуға деген қызығушылықтың бала кезінен қалыптасатыны, оны жіберіп алса, болашақта дамыту қиынға соғатыны жазылған.
Осы тақырыпқа қатысты білім саласының қазақстандық сарапшысы, «Көкжиек-горизонт» баспасының директоры Наталья Новосельцева пікір білдірді. Ол да мақалада келтірілген деректермен келісетінін айтты.
Оның айтуынша, бұған мұғалімдердің оқу процесіне дайындығының жеткіліксіздігі де себеп.