Ажар Ғиният сотталған вице-министр Олжас Әбішевтің үстінен арыз жазды

0 31

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевтің үстінен полицияға арыз түсірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бұл туралы апелляциялық сот отырысы барысында Олжас Әбішев мәлімдеді.

Адвокат Фатима Берсанованың айтуынша, 23 қаңтарда Астана қаласы Сарыарқа ауданының полициясы хабарласып, Әбішевтің үстінен министр Ажар Ғинияттың атынан осы қылмыстық іс бойынша арыз түскенін мәлімдеген.

«Олжас Әбішев бос болмаған соң адвокаты ретінде полиция басқармасына жүгіндім. Алайда мені арызбен таныстырмады. Жалпылама түрде арыздың осы іске қатысы бар екенін айтты. Министр Ажар Ғиниятқа не ұнамай қалғанын білмеймін, бірақ оның соттағы мәлімдемесінен кейін оған қысым жасалып жатыр деп санаймын», — деді адвокат.

Полиция бұрынғы вице-министр Әбішевті жауап алуға шақырған. Осыған қатысты Олжас Әбішев те пікір білдірді.

«Маған полициядан хабарласып, үстімен қазіргі денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният арыз жазғанын айтты. Осы сот процесі барысында айтылған ақпаратқа қатысты екені ғана белгілі. Бұған қатты таңқалдым, себебі сотта айтылған ақпараттың барлығы ашық дереккөзден алынған, ішінде инсайдерлік ақпарат жоқ. Сондай-ақ неге менің үстімнен полицияға арыз жазғанын түсіне алмадым. Арыздың мән-жайы бізге белгісіз, себебі оны адвокатқа бермеді. Жеке басым бұл әрекетті өзіме жасалған қысым деп қабылдаймын. Себебі біз сотта қазіргі денсаулық сақтау министрлігі басшылығының барлық жағымсыз жағын және олардың жұмысына деген немқұрайлығын көрсетіп жатырмыз. Дәл осы Ажар Ғиниятқа ұнамай қалған болуы мүмкін», — деді Олжас Әбішев.

Бұған дейін Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев қылмыстық кодекстің 361-бабы (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

Сондай-ақ сот Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтен денсаулық сақтау министрлігінің пайдасына тең үлесте 1,350 миллиард теңге өндіріп алынатынын айтты. Сот сотталушыларға азаматтық талапты ерікті түрде орындау үшін үш ай мерзім белгіледі.

2022 жылдың 9 қарашада Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.