АЖЫРАСУ КЕЗІНДЕГІ БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕ ДІНИ КОНФЕССИЯ ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ
АЖЫРАСУ КЕЗІНДЕГІ БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕ ДІНИ КОНФЕССИЯ ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ
Қазіргі қоғамда өршіп тұрған мәселенің бірі, бұл – ажырасу. ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл елімізде 6 айда 53,8 мың ерлі-зайыпты некелескен. Алайда әрбір үшінші неке ерлі-зайыптылардың ажырасуына алып келеді. Осы жылы шаңырағы шайқалған отбасылардың саны 8,2 мыңға жеткен. Әлемдік рейтингте де көрсеткіш көңіл көншітпейді. Мәселен, Wisevoter ресурсы талдаушыларының деректері бойынша, біздің мемлекет ажырасу саны бойынша 114 елдің ішінде 16 орынға тұрақтаған. https://ranking.kz/reviews/kazahstan-nahoditsya-na-16-m-meste-v-mire-po-kolichestvu-razvodov.html Сонымен қатар, ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың бірінші жартыжылдықтағы қорытындысы ауыл тұрғындарының жиі ажырасатындығын көрсеткен. Заман дамып, өзгерген сайын азаматтардың қөзқарасы мен құндылықтары ажырасудың негізгі себебі болып отыр. Адамдардың діни ұстанымы да мәселенің ушығуына әкеп соғуда. Ерлі-зайыптылардың басым бөлігі «мінезіміз жараспады» немесе «бір-бірімізге деген сезіміміз суыды» деген сияқты қарапайым себептермен екі жаққа кетеді. Ал шындап келгенде христиан шіркеуі немесе католик дінінің жақтаушылары, тіпті, ислам дінін ұстанушылар болсын, маңызды емес, оларда ажырасуға көзқарас басқа. Әр дінде бұл құбылысқа әртүрлі баға беріледі. Іс жүзінде әрбір діни құрылым күйеуі мен әйелі арасындағы ажырасуды «күнә» ретінде қарастырады. Мәселен, христиандар ажырасуға өте теріс көзқараспен қарайды. Оларда ажырасу тек зинақорлықпен, күйеуі немесе әйелі қайтыс болса ғана рұқсат етіледі. Православиелік канондар бойынша шіркеуде некеге үш реттен артық тұруға болмайды. Тек бірінші рет неке қиылғанда салтанатты түрде өтеді. Басқа жағдайларда өкіну дұғалары оқылады. Тараз қалалық «Әулие Успен» соборының протоиерейі Георгий Власенконың айтуынша, құдайдың батасын алып отбасы құрғандарға қасиетті кітапта көрсетілгендей ажырасуға рұқсат берілмейді. «Екі адам құдайдың қалауымен қосылғаннан кейін олардың ажыраспауы абзал. Адамзат жаратылысынан кейін әр адам өз теңін тауып ұрпақ жалғастырып, жер бетінде адамзат баласын көбейтуге міндеттеген. Ал адам жаратылысынан мінсіз емес. Оны Адам мен Хауаның (Еваның) қателік жасаған мысалынан көруге болады. Қателесу адамдарға тән құбылыс. Сондықтан отбасы құратын кезде де адамдар қателесуі мүмкін. Бірақ қасиетті кітапта адамдардың ажырасуы құпталмайды», – дейді Власенко. Ал ислам дінінде ажырасу туралы көзқарас бойынша католик, христиан т.б. діндердің қатарына орналастыруға болады. Яғни, мұсылмандар арасында ажырасу ауыр «күнә» ретінде қарастырылмайды. Неке қасиетті болғанына қарамастан дәлелді себептер болса бұзуға болады. Сонымен қатар, ислам ережелерінде ажырасу кезінде күйеуінің де, әйелінің де, баланың да құқықтары назарға алынады. Жалпы алғанда, ислам дінінде ажырасуға рұқсат етілгенімен, отбасының бірлігін сақтау балалар үшін басты міндет болып саналады. Осы себеппен, барлық мүмкін болатын татуластыру құралдары таусылғаннан кейін ажырасу әрқашан соңғы таңдау ретінде көрсетілген. Бірақ, егер де барлық амалдар таусылса ғана ажырасуға рұқсат етіледі. Ал шариғат бойынша тек ерлердің ажырасуға құқығы бар. Айталық, отағасы қандай да бір себептермен некесін сақтауды қаламаса, әйелімен ажырасады. Тіпті оған «мутаа» төлеу деп аталатын ақшалай өтемақы беруі тиіс. Ислам дінінде бұл өте маңызды мәселе болғанымен, көбінесе, діни ұстанымы бар отбасыларда ажырасу жиі орын алады екен. Өйткені, бір емес бірнеше әйелмен некесін шариғат бойынша қию арқылы шектелген ер азамат ажырасу кезінде балаларды тартып алу, яки олардың қалауымен санасуды жөн көрмейді. Анасы да баланың заң тұрғысынан құқығын толық білмегендіктен жолдасының талаптарымен келісуіне тура келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда неке бұзылғаннан кейін балалардың тұратын жері, ата-анамен қарым-қатынасты реттеу мәселелері өршіп тұр. Айталық, жеткіншек сот шешімімен ата-анасының біреуімен қалса, екіншісімен кездесу тәртібі бұзылып, тыйым салу жағдайлары көптеп кездеседі. Жамбыл облысы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы Рамазан Абделиевтің айтуынша, бұл қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі. «Бұл өте ауқымды тақырып. Біріншіден, талақты әйел адам бере алмайды. Екіншіден, бұл нәрсе үш жағдайда ғана жасалуы керек. Әйелі діннен шықса, анасына (енесіне) қол көтерсе және зина жасаса. Осындай жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Ал ажырасудан кейін әкесі баласына мейірімін көрсетіп, қамқор болуы қажет. Яғни, киімі, тәрбиесі, оны қыдырту сынды мәселелердің бәрі қамтылуы тиіс. Тіпті, әкесі үйленген жағдайда да баласын үйлі-жайлы қылуға міндетті. Ал әйел адамның қарсылық көрсетуіне болмайды, – дейді ол. Психологтардың сөзінше, ата-ананың ажырасуы ұзақ уақыт өткеннен кейін де балаларды күйзеліске түсіруі мүмкін. Мәселен, АҚШ-та ерлі-зайыптылар заңды түрде екі жаққа кетсе, баланың алдағы өмірі мен психологиялық жағдайы жіті тексеріледі. Тіпті, арнайы мамандар баланы толық тексеруден өткізеді. Психолог Гүлнұр Арапқызы да ажырасу ересектермен қатар балаларға да үлкен стресс туғызатындығын айтады. «Ажырасу кезінде балалардың 3 пен 15 жас аралығында болса, өте қатты стресс, депрессия болады. Себебі, жалпы осы уақытта балалар бірнеше кризистік кезеңнен өтеді. Оның өмірінде маңызды рөл ойнаған әкесі немесе анасы белгілі бір уақыт аралығында болмауы олардың қиялындағы әлемді қирату болып табылады. Оны қайта құру олар үшін қиынға соғады. Сондықтан ересектер екі жаққа кетуге шешім қабылдаса, бәрін саналы түрде жасауы керек. Менің практикамда ұрыс-керіспен ажырасқан ата-аналардың балаларының барлығында үлкен психологиялық соққы болады», – дейді психолог. Мамандардың айтуынша, ата-ана арасындағы ұрыс-керіс, ажырасу балалардың мінез-құлқына тікелей әсер етеді. Бірі агрессия көрсете бастаса, кейбірі тұйықтала түседі. Әсіресе мектеп жасындағы жеткіншектерде бұл жиі кездеседі екен. Өйткені, қатарластары тарапынан түрлі әлеуметтік теңсіздік туралы қысым көрсетілуі мүмкін. Нақтырақ айтсақ, «әкең қайда?» немесе «сенің әкең жоқ» деген сынды ауыр сөздер айтылады. Мұның барлығы әр баланың психикасына әртүлі әсер ететіні сөзсіз. Психолог маманның айтуынша, психологиялық қысым жасау арқылы да буллингтің көріністерін байқауға болады. Яғни, ауызша қорлау, әдепсіз әзілдер, мазақ ету, ар-намысына тию, түрлі қауесеттер мен өсектерді тарату да осыған жатады. Балада ата-анасы айырылысқан соң өз қалауының немес құқығын қорғайтын жақын адам жоқ деген түсінік қалыптасуы да мүмкін. Ата-анасы ажырасуға бел буса, Қазақстанда сот процесінде балалар 18-ге толса таңдау жасауға құқылы. Бірақ 18 жасқа дейінгі жеткіншектердің тағдырын сот шешеді. Дегенмен жалғызбасты аналардың пікірі бір жерде тоғысады. Айтуларынша, баланың алдағы уақыттағы құқықтық талаптарының орындалуы кейде тасада қалып жатады. Бұл мәселе діни ұстанымы бар ер азаматтар тарапынан да орын алуы мүмкін. Өйткені, заңды некеде болмаған соң алимент төлеу, баланың қажеттілігін өтеу сынды талаптар да орындалмайды. Бұл тұрғыда Жамбыл облысының адвокаттар алқасының адвокаты Бибарыс Патейев былай дейді. «Ерлі-зайыптылар арасында некенің тоқтатылуы ата-аналар мен осы некеде туған немесе асырап алынған балалар арасындағы құқықтық қатынастарды үзбейді және тоқтатпайды. Қазіргі таңда өте кең таралған мәселе ер адамдар бернеше әйел алу мәселесі бар. Алайда қолданыстағы заңнамаға сай некелесуге олардың біреуі болса да басқа тіркелген некеде тұратын адамдардың арасында жол берілмейді. Ал ата-ана некесiнiң бұзылуы, бөлек тұруы баланың құқығына әсер етпеуге тиiс. Егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына, сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады, – дейді адвокат. Жалпы, ислам дінінде талақ мәселесін ойынға айналдыруға қатаң түрде тыйым салынған. Ажырасу біз ойлағандай оңай шаруа емес. Мәселен, ер азамат әйелімен ажырасып кетсе де балаларын қамтамасыз етуге міндетті. Шариғат белгілі себептермен ажырасуға рұқсат етсе де, әкелік немесе аналық міндеттер орындалуы тиіс. Нақтырақ айтсақ, киім-кешек, күнделікті азық-түлік, баспана және өзге де қажеттіліктерін өтеуі шарт. Ал ерлі-зайыптылар ажырасқанда басқа конфессиялардағыдай балалар анасына қалдырылады. Өйткені, бала тәрбиесіне икемді және мейірімді, сабырлы болып келеді деп есептеледі. Сонымен қатар ата-анасы өзара келісімге келмесе, сот қарап, дін атынан өз шешімі айтылу керек. Христиан дінінде де баланың алдағы өмірі ата-анасының тікелей қадағалауында болуы керектігі айтылады. Бірақ шіркеуде баланың тәлім-тәрбиесі де, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі де қазіргі қоғамдағы азаматтардың өмір сүру салтына байланысты екендігін жасырмайды. Әке баламен араласуға, көрісіп тұруға міндетті. Сонымен қатар, ол бала үшін жаратушы алдында жауапты делінген. Тараз қалалық «Әулие Успен» соборының протоиерейі Георгий Власенко бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас әрқашан махаббатқа толы болуы керек деген пікірде. «Меніңше бала ата-анасымен емін-еркін, еш шектеусіз араласуы керек. Өйткені ажырасудан кейін онсыз да психологилық соққы алған балаға бұл ауыр тиюі мүмкін. Ажырасқаннан кейін ата-ананың баламен араласуы заң жүзінде бекітілсе де, христиандықтардың ұстанымы бойынша біз барлық жаратылысқа махаббатпен қарауымыз керек. Тіпті жауымызға да. Ал мәселе балаларға қатысты болса тіптен басқаша. Қазіргі заңнама бала мен ата-ананың аптасына немесе айына бір рет көрісуіне рұқсат берсе мен оны дұрыс деп айта алмаймын. Өйткені ол христиандыққа жат»,- дейді Власенко. Қорыта келгенде, кез-келген діни конфессия тұрғысынан алғанда кез-келген жағдайда ата-ана ең бірінші кезекте баланың құқығы шектелмейтіндігіне кепіл болуы тиіс. Оның болашағы мен алдағы өміріне жауапкершілікпен қараулары керек. Өйткені, бала тәрбиесі, оның қай бағытты таңдайтындығында әке мен анасының рөлі өте маңызды.