Жаңалықтар

Қазыналы қариялар – құрмет төрінде

Тараз қаласында Халықаралық қарттар күніне орай «Ыдырыс» мейрамханасында қазыналы қарияларға арналған мерекелік іс-шара өтті. Бұл игі шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, қарияларға ыстық ықыласы мен жүрекжарды лебізін білдіріп, еліміздің дамуына қосқан үлестері үшін ризашылығын жеткізді.

«Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген дана сөздің мағынасы тереңде жатыр. Қазақ халқы ежелден қарияларын құрметтеп, олардың даналыққа толы ғибратты сөздерін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, ұрпақтар сабақтастығының жалғасын қамтамасыз етіп келеді. Қаламыздың қариялары – татулықтың тұтқасы, ұлттық құндылықтарымыздың сақтаушысы. Олардың өмірлік тәжірибесі мен парасаты, ақыл-кеңесі – жас буын үшін сарқылмас байлық.

Бақытжан Орынбеков сөзінде Тараз қаласындағы қарияларға деген қамқорлық пен қолдаудың жалғасып жатқанын атап өтті. Қалада 48 500-ден аса зейнеткер тұрады, олардың ішінде 5 Ұлы Отан соғысының ардагері, 700-ден астам тыл еңбеккері бар. Әкім қарияларға арналған әлеуметтік қызметтер мен көмек түрлерінің жыл сайын жетілдіріліп жатқанын айтып, қаладағы жалғызілікті қарттар үйде әлеуметтік көмекке ие болатынын, сонымен қатар санаторийлерде демалып, ем алу мүмкіндігіне қол жеткізіп отырғанын жеткізді. Қаланың бүгінгі жетістіктері мен өсіп-өркендеуі осы ардагерлердің маңдай терінің нәтижесі екенін атап өтіп, бірқатар ардагерлерге «Еңбек ардагері» төсбелгісі мен Құрмет грамоталарын табыс етті.

Марапатқа ие болған ардагерлер қатарында облысқа белгілі еңбек майталмандары Еркінбек Солтыбаев, Амангелді Кәрентаев, Қасымхан Төлендиев, Жаңабай Миллионов, Асқарбек Сейілхан, Қайрат Шотбақов бар. Олар өз кезегінде жүрекжарды тілектерін білдіріп, қала басшылығына алғыстарын жеткізді.

Өнерпаздар мен «Әулиеата әуендері» ансамблінің өнері

Мерекелік кеш барысында «Әулиеата әуендері» ансамблі өнер көрсетіп, ардагерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен биден шашу шашқан ансамбль мүшелері қарияларға шаттыққа толы кеш ұйымдастырды. Ақ дастархан басында құрметті қонақтар тағылымды әңгіме айтып, өмірден алған тәжірибелерімен бөлісіп, орамды ойларын ортаға салды.

Жалпы ардагерлерге қамқорлық – ұлт болашағының кепілі

Халықаралық қарттар күні – тек мереке ғана емес, әрбір азаматтың өмірлік тәжірибесін бағалап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болатын құндылықтарды дәріптейтін ерекше күн. Бұл күні Тараз қаласының қариялары арнайы құрметке бөленіп, қоғамдағы орнын сезініп, өздеріне деген шынайы құрметтің бар екенін көрді. Жылдар бойы еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек еткен, ұрпаққа өшпес өнеге қалдырған қарттарымызды қолдау – ұлттық болашағымызды қолдау деген сөз. Қаламызда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар болашақта да жалғасын тауып, қарияларға қамқорлық көрсетуді мақсат тұтады.

Тараз қаласының қариялары, еліміздің тірегі, байлығы, әрі ақыл көзі ретінде жастарды қолдауға, бағыт беруге дайын. Осылайша, үлкен мен кіші арасындағы сыйластық, ұлттық дәстүріміздің іргетасы қалана бермек.