Жаңалықтар

Бүгін ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына – 130 жыл

Қазақтың біртуар тұлғасы ұлт мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосты

Бүгін ақын, жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына – 130 жыл, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Сәкен Сейфуллин (1894–1938) 15 қазанда Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген.

Қаламгердің «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1914 жылы жарыққа шықты.

Бұдан бөлек «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары, «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтары жарық көрген. 

Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты.

Жазушы «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім-күйлерін суреттейді.

Қаламгердің публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі зор. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді.