Жаңалықтар

Бүгін Қазақстанда Еңбек күні атап өтілді

Қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні атап өтіледі

Жамбыл облысында Еңбек күні ауқымды іс-шаралармен атап өтілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы мерекені мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке екенін атап өткен.  Өйткені, еңбеккерлер туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр.

Ол әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынына сенетінін атап өтті.

Ал, отандастардың пікірінше, Еңбек күні әулеттің өнегелі дәстүрін жалғастырып, кәсіби тұрғыдан өсуге ұмтылған үлгі боларлық адал азаматтың мерекесі.

 Еңбек күні Қазақстанды дамыту жолында ерен еңбек еткен, оны жаңа жетістіктерге жетелеген мамандарға құрмет көрсетіледі.

2013 жылдың 22 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күні бекітілген. «Еңбек күні» мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұймдастыруымен  Жамбыл облысының оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы 2-қабатындағы мәжіліс залында іс – шара болды.

Жамбыл облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, басқармалары, кәсіподақ ұйымдары, Кәсіпорыннан келетін қызметкерлер, аудандар, марапатталушылар қатысты.

«Еңбек күні» мерекесіне орай облыс әкімінің құрмет грамотасымен, облыс әкімінің алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің алғыс хатымен марапатталды.

Облыста жыл басынан еңбек адамын насихаттауға бағытталған 34 бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерде жарияланды. Мемлекет басшысы «Еңбек – бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек!» деп жазған болатын.

Жамбыл облысы бойынша 2024 жылдың 8 айында облыс ұйымдары мен кәсіпорындарында жоспардан тыс 96 тексерулер мен 21 профилактикалық бақылау жүргізіліп, 318 бұзушылықтар анықталды.  Ағымдағы жылы бейресми жұмыспен қамтылған 2031 жұмыс берушідегі 4526 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды.

Ақпараттық-түсіндіру және еңбек тәуекелдерінің алдын алу бағыты бойынша облыстық 159 еңбек ұжымдарында 1931 жұмыскердің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторларымен жыл басынан жеке қабылдау жұмыстары барысында облыстық  200-ден аса тұрғынға еңбек заңнамаларымен қатысты консультативтік кеңестер берілді.

Одан бөлек, 139 іс-шара ұйымдастырылып бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы 194 ақпараттық мақалалар жарық көрді. Бүгінгі күні еңбек нарығындағы өзгерістер басты назарда, облыстағы мекемелерде еңбек қатынастарын реттеу мен еңбек заңнамасының сақталуы еңбек инспекциясының бақылауында.

Еңбек күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2013 жылғы қарашада жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету дәстүрлерін жаңғырту және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіну мақсатында бекітілді.

Бұл күнді мерекелеудің негізгі мақсаты өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттау және Президенттің Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру жөніндегі идеясы шеңберінде жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту болып табылады.

Қазақстанда осы күннен бастап «Еңбек ардагері» медалі, ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі - «Қазақстанның Еңбек Ері» (Герой труда Казахстана) сияқты марапаттар тағайындалды. Мұндай шешім қазақстандық қоғамдағы еңбек адамының беделін арттыру мақсатында қабылданды.

«Еңбек ардагері» медалімен экономиканың әртүрлі салаларының қызметкерлері және жалпы жұмыс өтілі 40 жылдан астам, оның ішінде кемінде 10 жыл бір салада жұмыс істеген, сондай-ақ еңбек қызметінде ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар наградталады.

«Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежесі Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін беріледі. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені тапсырылады.