Бүгін – Бекзат Саттархановтың туған күні

Бекзаттың ерлігі мен жетістіктері ешқашан ұмытылмайды! Оның аты мәңгілікке спорт тарихында қалады.
Бүгін - Сидней Олимпиадасының чемпионы, боксшы Бекзат Саттархановтың туған күні, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол қазақ боксының жұлдызы, әрі еліміздің спорт тарихындағы ең айшықты тұлғалардың бірі болып саналады. Бекзаттың спортқа деген қызығушылығы жас кезінен бастап қалыптасты. 1998 жылы ол жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінен күміс медаль жеңіп, өзінің алғашқы үлкен жетістіктеріне қол жеткізді.
Ал 1999 жылы Ташкент қаласында өткен Орталық Азия чемпионатында да жеңіс жолын жалғастырып, спорттағы мансабын одан әрі нығайта түсті. Бірақ Бекзаттың қазақ спорты тарихындағы ең үлкен жеңісі — 2000 жылы Сидней Олимпиадасындағы алтын медалі болды. Бұл жеңіс тек Бекзаттың ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі еді.
Олимпиада ойындарындағы жолы мынадай болды:
1-айналым: Румыниялық Овидиу Бобирнатты 14:5 есебімен жеңді
2-айналым: ОАР өкілін 16:5 есебімен ұтты
Ширек финал: Еуропа чемпионы Рамазан Палианиді 12:11 есебімен жеңіп, жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленді
Жартылай финал: Марокколық Тамсаманиден 12 ұпай артықшылықпен басым түсті
Финал: 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуаресті 22:14 есебімен жеңіп, Олимпиада чемпионы атанды!
Бекзат Саттархановтың жеңісі Қазақстанға тарихи алтын медаль әкеліп, оның спорттағы мансабын ең биік шыңға көтерді. Ол қазақ спортының символына айналды, әрі әлемге еліміздің күш-жігері мен мүмкіндіктерін паш етті.
Бүгінгі таңда, Түркістан қаласындағы "Olympic Center" спорт кешенінде 2007-2008 жылы туылған жастар арасындағы турнир өткізіліп, Бекзат Саттархановты еске алуға арналған шаралар ұйымдастырылуда. Бұл турнирдің мақсаты — оның атын ұлықтап, жас буынды спортқа баулу.
Бекзат Саттархановтың жетістіктері мен рухы біздің жүрегімізде мәңгі сақталады!