Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс көрсеткіші төмендеген

0

Биылғы жылдың бес айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тоғыз пайызға төмендеген.  Дегенмен, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыс деңгейі 65,1 пайызға өскен.

Бұл туралы жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде өткен форумда айтылды. Басқосуға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев,  облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев қатысты.

Облыста жетім балаларға арналған бес мекеме жұмыс істейді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдауға бағытталған «Мейірім» жобасы аясында 88 демеуші 133 тәрбиеленушінің тәлімгері атанды.

Барлығы 1129 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне тіркелген. Соңғы бес жыл ішінде 500 пәтердің кілті табысталса, жыл басынан бері 45 пәтердің кілті берілген.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелеріне де көңіл бөлінді. Оқушылар үшін жазғы сауықтыру науқаны да жан-жақты ұйымдастырылғаны айтылды.

Прокуратура өкілдері учаскелік полиция инспекторлары жұмысының тиімділігін арттыру, оқу орындарымен өзара іс-қимылды күшейту бойынша жұмыс жүргізуді ұсынды. Қазір білім беру мекемелеріне ювеналды полицияның 202 қызметкері бекітілген. Облыстық прокуратураның бастамасымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 91 мобильді топ құрылған.

Жиында «Тараз — Қауіпсіз қала» жобасының жүзеге асырылу барысы, нәтижесі де айтылды. Шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев жедел алдын алу шараларының арқасында ағымдағы жылдың бес айында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 11 пайызға, көшелерде жасалған қылмыстар көрсеткіші 24,6 пайызға, адамдар тобымен жасалған қылмыстар саны 47 пайызға, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 39 пайызға төмендегенін хабарлады.

Қоғамдық көліктердегі ұрлықтың алдын алу үшін 15 маусымға дейін автобустарда 53 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған десек, бүгінгі таңға дейін оның 33-і орнатылып үлгерілген.

Облыс әкімі ата-аналар комитеттерінің жұмысын күшейтуді, мектеп басшыларының жауапкершілігін арттыруды, отбасылық тәрбиеге  айрықша көңіл бөлуді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.