Бақыт Нұрмұханов: жаңа Конституцияның жобасында өтпелі ережелер нақтыланды
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-ші отырысы барысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов келіп түскен ұсыныстардың қорытындылары негізінде жаңа Ата Заң жобасына енгізілген қосымша нормалар туралы хабарлады.
Оның айтуынша, негізгі бағыттардың бірі – тұрғын үйге қол сұғылмаушылық кепілдігін күшейту. Бақыт Нұрмұханов 28-баптың 1-тармағында тек тұрғын үйден айыруға ғана емес, соттың шешімінсіз одан шығаруға да жол бермейтін толықтыру көзделгенін атап өтті. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.
Талдау қорытындылары бойынша жаңа Конституцияның күшіне ену және 1995 жылғы Конституцияның қолданысын тоқтату мерзімдерін регламенттейтін нормалар қосымша көзделген. Жекелеген ережелер бірпалаталы Құрылтайға көшу және оның сайлауын өткізу мәселелерін реттейтін болады. Спикер нормалардың басқа бөлігі лауазымды тұлғаларды тағайындауға және жаңа мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысты екенін атап өтті.
Соңында ол жоба мәтіндерінің пысықталғаны туралы хабарлады. Спикердің айтуынша, Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндері барынша жетілдірілген.