Байқоңыр ғарыш кешені тоқсанның тоқырауынан қалай шықты?

0

Биыл, дәл бүгін адам баласының ғарышқа ұшқанына 60 жыл толды. Осы датаға орай елордадағы Ұлттық музейде дөңгелек үстел өткен болатын. Сол шара барысында «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі Ерғазы Нұрғалиев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында саладағы қиындықтар қалай еңсерілгенін баяндап берді.

Дөңгелек үстелге негізінен астана мектептерінің оқушылары шақырылған болатын. Жай кезде әскери тәртіппен жүріп-тұрып, регламенттен ауытқымай сөйлейтін ғарыш саласының өкілдері балалардың алдында ағынан жарылып әңгіме өрбітті. Солардың ішінде Ерғазы Мейірғалиұлы Нұрғалиевтің сөзін жас жеткіншектер ұйып тыңдады.

Қорқыттың сәуегейлігі «Әңгіменің басында мен өзімнің Байқоңыр ғарыш кешенінде 30 жыл тұрып, жұмыс атқарғанымды айтып кеткім келеді. Осы балалар сияқты кезім, 1-класта оқып жүрген едік. Бір күні директор шақырып алды да, «Бүгін ғарышқа алғаш адам ұшты. Сондықтан сіздерді сабақтан ерте босатамыз» деп үйімізге жіберді. Сол күні қуанғаным әлі күнге дейін есімде. Ауылда тұратын едік. Жердің бәрі балшық, аяғымызда резеңке етігіміз бар. Үйге ерте қайтқанымызға мәзбіз. Бірақ жол бойы ойланып келе жаттық. Қайта-қайта аспанға қарап, Гагаринді көріп қалатын шығармыз деп үміттеніп жүрдік. Бала үміт деген қандай, көрдіңіз бе? Содан бастап мен кішкене күнімнен аспанға әуес болдым.

Ауылымыздың үстінен халықаралық әуе жолы өтетін. Ұшақтың дыбысы деген ерекше ғой. Ішіп отырған асымды тастап, сыртқа жүгіріп шығып, ұшақтардың соңынан қарайтынмын. Әлі күнге дейін сөйтемін. Ұшақ кетіп бара жатса, бәрін тастап соны көруге асығам. Содан ержетіп, институт бітірдім. Алғашқы алған мамандығым – сәулетші. Алматыға жұмысқа кетем деп жиналып жүргем. Институтта әскери кафедраны оқығаным бар еді. Сол әскери кафедрада «Жерасты зымырандарының шахталарының құрылысы» деген екінші мамандық берген. Бітіріп жатқан жігіттердің бәрін шақырып алды. Ол тұста халықаралық жағдайлар шиелінісіп тұрған болатын. Бізді армияға алып кетті. Мен Байқоңырға 1978 жылдың 7 тамызында пойыздан келіп түсе қалдым. Оның не екенін ол кезде біз білмейміз. Өйткені істеліп жатқан жұмыстардың бәрі құпия болатын. Бірақ сол жерге келгеніме өкінбеймін. 2 жыл сонда әскери борышымды өтедім. Біраз қиындықтар көрдім. Бірақ сол қиындықтар мені шыңдады. Жалпы Байқоңыр деген ерекше киелі жер. Ол жер тегін жер емес. Тоғызыншы ғасырда «Осы жер – жердің кіндігі» деп ұлы философ, музыкант, Қорқыт бабамыз тегін айтпаған екен. Жиырмасыншы ғасырдың 50-жылдарының аяғында Сергей Королев деген ұлы конструктор ғарыш кешеніне жер іздегенде осы жерді келіп таңдаған ғой. Солайша үлкен ғарыш кешені салынды. Тоқыраудан құтқарған қадам Бұл өткен ғасырдағы дүниежүзі бойынша ең ірі ғарыш кешені болатын. Жұмысы жағынан да, көлемі жағынан да, ұшырып жатқан зымырандар саны бойынша да теңдесі жоқ еді. Енді қазір ғылыми-техникалық прогресс қатты дамып жатыр. Бүгін осы ғарышты игеру жағынан 5-6 мемлекет көш бастап келе жатыр. Оның ішінде Ресей, Америка, Үндістан, Қытай, Жапония және тағы басқа мемлекеттер бар. Ал 1991 жылы Кеңес одағы тарады да, оған кіретін 15 мемлекеттің әрқайсысы өз алдына дербес мемлекет болып құрыла бастады. Сол кезде Байқоңыр ғарыш кешенінің жағдайы мүшкіл еді. Инфрақұылым қараусыз қалып, сол жерді бақылауда ұстап тұрған әскерилер Ресейдің армиясына қосылып жатқан. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 12 қаңтарында ең алғаш Мәскеуден Байқоңырға ұшып келді. Келді де қаланың активін, әскери басшыларды жинап, сол жерде кеңес өткізді. Мен ол кезде сол Байқоңыр атқрау комитетінің бірінші орынбасары болатынмын. «Байқоңыр» ғарыш айлағын енді одақтас мемлекеттер бірігіп қолдану керек, тоқтатпайық, бар күшімізді салайық» деп жұмылдырып кетті. Сол 1991 жылдың 19 тамызында Байқоңыр ғарыш кешені Қазақстанның меншігі болып, Президенттің жарлығымен бекітілді. Нұрсұлтан Әбішұлы 1991 жылы Байқоңырға тағы 2 рет келді. 12 сәуір күні Байқоңыр ғарыш кешенінде осы кезге дейін теңдесі жоқ шоу өтті. Адам баласының ғарышқа ұшуына 30 жыл толуына арналды. Сол шоуды Президент алғаш келген кезде қазақстандық басшыларға тапсырған болатын. Тарихтан білесіздер, кейде экраннан да беріп жатады. Сол кезде әлемдегі ең алып «Мрия» деген ұшақ «Буран» деген ең алып ғарыш кемесін тиеп әуеде шоу көрсетті. Шараға 9 мемлекеттің Президенттері шақырылды. Ол кісінің оны істеп жүргендегі мақсаты – әлгі мемлекеттердің бәрін жұмылдырып, Байқоңыр ғарыш кешенін қалай да сақтап қалу. Сол еңбек зая кеткен жоқ. Байқоңыр ғарыш кешені содан бастап қайтадан тоқыраудан шыға бастады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.