Банк картасы бойынша аударымдарды тексеру қашан басталады?

0 84

Елімізде салық төлеуден жалтарған кәсіпкерлерді анықтау мақсатында екінші деңгейлі банктердің картасын қолданушыларға қатысты тексерістер әлі басталмаған, деп хабарлайды ЖамбылИнфо BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.

Ондай нәрсе болған жоқ. Маған актілерді беріңіздерші, өзім жеке анықтаймын. Менің білуімше, екінші деңгейлі банктермен ақпарат алмасу жағын әлі реттестіріп жатырмыз. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Мониторинг жүргізейік, қоғамды дүрліктірудің қажеті жоқ. Өйткені 2025 жылға дейінгі жоспарлы жұмыс сондай. Ешқандай тексеріс болмайды, адамдар мен бизнеске қысым мен дүрліктіру жоқ. Мен сіздерге кепілдік бере аламын, – деді министр.

Сондай-ақ ол «Банк арқылы аударымдар көп түсетін адамдарды Мемлекеттік кірістер комитеті тізімге енгізе ме?» деген сауалға жауап берді.

Мемлекеттік кірістер комитеті қандай тізімге енгізуі мүмкін? Ол мүмкін емес, тағы да қайталап айтамын. Біз басқа мемлекеттік органдардың деректер базасынан ақпарат аламыз. Біз жалған есептермен айналыса алмаймыз, ол мүмкін емес. Егер біреу айналысса, мен өзім барып, ол адамды жұмыстан шығарамын, – деді Ерұлан Жамаубаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін 2025 жылдан бастап банктер жеке кәсіпкер емес жеке тұлғалар бойынша ақпарат ұсынатындығы туралы айтылған болатын. Соның ішінде белгілі бір алғышарттар бойынша мобильдік аударымдарға да қатысты сөз болған. Яғни үш ай бойы айына 80-100 тұлғадан ақша аударымы жасалған бір тұлғаға қатысты дерек алуға қатысты сөз болды. Ал аударымдар санын анықтау банк секторымен бірлесіп әзірленеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.