Бердібек Сапарбаев таластықтарды мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануға шақырды

23

Өткен дүйсенбі, 8 ақпан күні Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов тұрғындар алдында есеп берді. Кездесуге Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты.

Спикердің айтуынша, қиын жағдайларға қарамастан, аудан әлеуметтік-экономикалық дамуда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18,8 миллиард теңгені құраса, аграрлық секторда өсім байқалады. Ауыл шаруашылығы саласындағы инвестиция көлемі 1,9 миллиард теңгеге жеткен. Дегенмен, Б.Қазанбасов әлі де атқарылуы тиіс жұмыстардың көптігін жасырмады.

Мұны жиында сөз алған таластықтар да растады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлы автожолдар мен ауыл көшелерінің нашар жағдайы туралы айтты. Оның пікірінше, Көшек батыр ауылындағы жолдар жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы мұнда аталған қазақ батырының 400 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өткізу жоспарланған болатын. Пандемияға байланысты басқа уақытқа ауыстырылғанымен, жөндеу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.
— Бөлтірік шешен және Көшек батыр ауылдарының көшелерін жөндеу мәселесі бойынша нақты шешім әлі қабылданған жоқ, — деп жауап берді аудан әкімі.
Ал аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Көшек батырдың мерейтойы карантиндік шаралар еңсерілгеннен кейін міндетті түрде аталып өтетіндігіне уәде берді.
Бұдан соң аудан әкімі мен облыс әкімі әлеуметтік желілер арқылы жолданған сұрақтарға жауап берді. Мәселен, көпбалалы ана Қаратаудың бесінші шағын ауданындағы №52 және №55 үйлердің суық екенін айтып шағымданды. Аймақ басшысы кездесуден кейін тиісті мамандарға аталған мекен-жайларға барып, мәселенің себеп-салдарын анықтауды тапсырды.
— Егер қажет болса, жертөлені де тексеріңіздер, — деп бұйырды Бердібек Сапарбаев.
Жеке кәсіпкер, Талас ауданындағы корей этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Екатерина Цой аудан әкіміне көпшілікті толғандырып жүрген мәселелер бойынша жүгінді.
— Қаратау қаласында 20 жылдан астам уақыт бойы қоғамдық көлік жүрмеген. Ал біз бір жарым жыл бұрын оның жұмысын қайта жандандырып, адамдарды тасымалдай бастадық. Жолақы – 50 теңге. Бірақ жолдардың жағдайы ешқандай сын көтермейді. Жолдарды жөндеу жұмыстарын қалай жеделдетуге болады? — деді ол аймақ басшысына қарата.
Сондай-ақ, Екатерина Цой Қаратауда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған дағдарыс орталығын ашу жоспарымен бөлісті. Ол үшін оған мемлекет тарапынан қолдау қажет.
Бердібек Сапарбаев әйелге белсенділігі мен жанашырлығы үшін алғыс айтып, қолдау көрсетуге уәде берді.
Сондай-ақ, таластықтар бұрынғы қонақ үйлер мен жатақханалар ғимараттарын ретке келтіру, бос тұрған үйлерді жөндеу, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударуды сұрады.
Аудан тұрғындары ауылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруды жалғастырғаны үшін облыс әкіміне алғыстарын білдірді. Олар жобаның нәтижелі болғандығын, сондықтан оны одан әрі жалғастырудың маңыздылығын алға тартты.
Кездесуді Бердібек Сапарбаев түйіндеді. Оның айтуынша, пандемияға қарамастан, ауданда барлық көрсеткіштер ойдағыдай деңгейде қалыптасқан.
— Бірақ әлі де белсенді жұмыс жүргізу керек. Біз мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануға тиіспіз. Айталық, «Сыбаға» бағдарламасы мал басын көбейтуге көмектессе, субсидия ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге жұмсалатын шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Жайылымдық жерлерді, егістік алқаптарды ұлғайтудың жолдарын қарастырыңыздар. Бұл бізге өзімізді азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, артық өнімді сатуға да мүмкіндік береді. Тұқым сапасын арттыру, минералды тыңайтқыштарды сатып алу және пайдалану мәселесін шешу қажет. Тамшылатып суару және тағы басқа ылғалды үнемдеу технологияларын тиімді енгізу де өзекті болып табылады. Сондай-ақ асыл тұқымды мал басын көбейткен абзал.
Талас ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін үлкен көлемде өңдей алатын бірнеше ірі кәсіпорын бар. Шаруалардың қайта өңдеушілермен өзара байланысы тамақ өнімдерін өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонда екі тараптың да табысы арта түспек. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытқан жөн. Қазір Үкімет бұл бизнес нысандарын салықтан босатуда және кәсіпкерлік саласын өркендетуге жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар негізінде ауқымды қаражат бөлуде. Бізге сіздердің табыс табуға, өндіріс орындарын құруға, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін идеяларыңыз ғана қажет, — деді облыс әкімі.