Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тәжікстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзоданы қабылдады.

Облыс әкімі елдердің өңірлері арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті. Бұл ұсыныс Жамбыл жеріне алғаш рет келген елші тарабынан да қолдау тапты. Хайрулло Ибодзода облыстың әлеуеті мен мүмкіншілігіне қатысты сауал жолдады.

Бердібек Сапарбаев қонаққа облыстың аграрлы-индустриялды аймақ екендігін айтып, негізгі бағыттарымен таныстырды. Егіншілік және мал шаруашылығы бойынша үлкен әлеуетке ие өңірде минералды тыңайтқыштар өндірісі дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

— Қазақстан мен Тәжікстан екеуі де Азия елдері болғандықтан, бізге ортақ дүниелер көп. Екі жақтың да мүдделері тоғысады. Бізде экономиканың түрлі салаларында, атап айтсақ ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, туризм бойынша өзара ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік жеткілікті, оны тиімді пайдалануымыз қажет, — деді Б.Сапарбаев.

Өз кезегінде Хайрулло Ибодзода Тәжікстан жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарына, оның ішінде Тараз қаласына оқуға жіберуге ниетті екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Тәжікстан тарабы Қазақстанда екі көтерме-тарату орталығын ашуды жоспарлап отыр. Елші ондай орталықтың бірін біздің облыстан салуға ұсыныс білдірді. Облыс әкімі бұл бастаманы қолдап, орынбасары Алмас Мәдиевке осы мәселе аясында зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, кездесуде туризм бағытындағы ынтымақтастықтың болашағы зор екендігі айтылды. Бұл орайда Тараздың – тарихы терең қалалардың бірі екендігіне айрықша назар аударылды. Тәжікстан елшісі туристер бірден бірнеше көне қалаларды еркін аралауы үшін Орталық Азия елдеріне бірыңғай виза жасау идеясымен бөлісті.

Айта кетейік, Қазақстан мен Тәжікстан арасында тығыз қарым-қатынас оң жолға қойылған. Пандемияға қарамастан, өткен жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 910 миллион долларды құраған.