Бесінші сыныптың оқушылары тартып жүр: Мәслихат депутаты электронды темекі туралы
Бесінші сыныптың оқушылары тартып жүр: Мәслихат депутаты электронды темекі туралы
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Қаналимов электронды шылымды темекі бұйымдарына теңестіруді ұсынды. «Білім басқармасы мен Полиция департаментінің бірге назар аударуын сұраймын, қазір электронды шылымға қатысты үлкен мәселе туындады. Бұл біздің қоғамның қазіргі нақты мәселесі. Жоғары сынып оқушылары темекі шегеді деп айтпай-ақ қояйын, қазір бесінші сынып оқушылары да тартатын болған. Олар барлық жерде сатылады, акцизделмейді – кез келген адамға сатыла береді. Оған бір шара қолданайық! Мүлдем тыйым салу керек деп айтпаймын, сатыла берсін, бірақ оны темекі өнімдеріне теңестіріп, 21 жастан асқандарға ғана берілуі керек. Бұлай жалғаса беруге болмайды!»,- деді Ерлан Қаналимов мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында. «Біз тұтас буынды уландырып отырмыз. Олар қазір салдарын ойламауы мүмкін, зияны жоқ деп ойлайды, бірақ бедеулік секілді көптеген мәселеге әкелуі мүмкін. Бұл біздің ұрпағымыз. Енді не істеу керек? Қандай жолдары бар? Осы мәселе бойынша сіздермен бірге шешім қабылдайық», - деді Ерлан Қаналимов. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов депутаттың ұсынысын қабылдады және ведомствоның бұл мәселені санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға жеткізетінін айтты.