Білім гранттарының саны 50 пайызға артады
Білім гранттарының саны 50 пайызға артады
2025 жылға қарай мемлекеттік білім гранттарының саны 50 пайызға артады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты. «Жоғары білім қолжетімді болу үшін 2025 жылға қарай гранттар саны 50 пайызға артады. Жыл сайын жас ғалымдарға 1 000 грант бөлініп, 500 қазақстандық ғалым әлемге танымал ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өте алады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылғы сәуірде Үздіксіз білім беру тұжырымдамасы қабылданады», - деді Асқар Мамин. Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігі Білім беру саласындағы ұлттық жобаларды әзірлеу кезінде Елбасының, Мемлекет басшысының, Nur Otan партиясының барлық тапсырмаларының іске асырылуын қамтамасыз етуі қажеттігін баса айтты. «Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін күнделікті ауқымды жұмыс істеу керек. Әкімдердің жеке жауапты екенін назарда ұстаңыздар, себебі Nur Otan партиясы бағдарламасының уақтылы орындалуы өңірлердегі жұмыстың сапалы атқарылуына байланысты», - деді Премьер-Министр.