Жаңалықтар

Бірлескен жаттығудың берері мол

Жақында облыс аумағында «Дала сұңқары – 2024» бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығу жиыны өтті. Бірлескен әскери жаттығуға Қазақстан Құрлық әскерлері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тау қорықшысы полкінің әскери қызметшілері мен Қырғыз Республикасының жауынгерлері қатысты.

Оқу-жаттығудың салтанатты ашылу рәсімінде әскери қызметшілерді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің штаб бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаев құттықтады. Ол жаттығуға қатысушыларға оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында сәттілік тіледі.

– Мұндай оқу-жаттығулар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы құрылған кезден бастап өткізіліп келеді. Жаттығуға қатысушыларға батылдық пен табандылық тілей отырып, жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындау кезінде теориялық және практикалық дағдыларды жетілдіреріне сенемін, – деп атап өтті полковник. Қазақстанның әскери басшылығына Қырғыз Республикасы Қорғаныс министрлігінің атынан жасақ командирі, капитан Нұртай Талайбекұлы оқу-жаттығуды ұйымдастырғаны және жылы қабылдағаны үшін алғысын білдірді.

– Біз бауырлас елдеріміз, осындай оқу-жаттығулар барысында бірнеше рет жауынгерлік дайындық өтті. Бұл екі ел халқының ауызбіршілігі мен берік бауырластығын көрсетеді. Ендеше халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қызмет ететін және екі елдің әскери қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына үлкен үлес қосатын бірлескен оқу-жаттығулардың сәтті өтуін тілеймін, – деді Нұртай Талайбек ұлы.


Бір аптаға жалғасқан бірлескен оқу-жаттығудың барлық кезеңдері «Теріс-Ащыбұлақ» полигонында және Қаратау тауларының шатқалында өтті. Аралас контингенттің басты мақсаты – жаттығу жоспары бойынша аймақтағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысатын жауды тауып, залалсыздандыру,– Негізгі күш-жігер таулы аймақтарда жалған жауды жою бойынша жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындау жөнінде бірлескен іс-қимылдарға бағытталды. Мұнда негізінен барлау және ұрыс қимылдарын жүргізу басты назарға алынды. Жаттығулар бізге де, қырғыз тарапына да тиімді болды деп ойлаймын, – деді

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлау басқармасының бастығы, полковник Ербол Серғазин.Тау, тактикалық тәсіл, атыс дайындығы, әскери топография және әскери-дәрігерлік дайындық бойынша бірлескен оқу-жаттығулардан кейін екі елдің әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері түрлі топтарға бөлініп, тау шатқалдарында өз міндеттерін орындауға кірісті.Оқу-жаттығу барысында Қазақстан мен Қырғыз Республикасының әскери қызметшілерінен құралған аралас контингент тау қорықшылары полкінің базасында және «Теріс-Ащыбұлақ» полигонында машықтанды.Жауынгерлік міндеттерді орындау барысында жаттығуға қатысушылар таулы жерлерде марш жасау элементтерін пысықтады.

Оқу-жаттығудың соңғы кезеңінде заңсыз қарулы құрылымның шартты лагерін құрсауға алып, жою жөнінде тактикалық эпизод орындалды.Тактикалық деңгейдегі халықаралық оқу-жаттығуларды өткізу бірлескен міндеттерді орындау кезінде далалық машықты арттырудың және бөлімшелерді үйлестірудің тиімді әдісі болмақ.Оқу-жаттығудың соңғы кезеңіне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаев пен Қырғыз Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының өкілі, полковник Әділ Кеңесұлы қатысты.Ербол Серғазинның айтуынша, оқу-жаттығу тактикалық эпизодпен аяқталды.

– Жаттығу барысында Қазақстан мен Қырғызстан әскери қызметшілерінің аралас контингенті имитацияланған жаудың базалық ауданында өрт рейдін жүргізіп, оны жойды. Бұл оқу-жаттығуды ұйымдастырмас бұрын екі елдің әскери қызметшілері он күн бойы практикалық жаттығулар өткізіп, өздерінің кәсіби дағдыларын шыңдады. Біріккен топтарда олар имитацияланған жаудың базалық лагерін анықтау үшін Талас жотасының бүкіл таулы аймағын аралап шықты. Таулы аймақта тапсырмаларды орындай отырып, топтар қадағалап отыру өнерін пайдаланып, қарсыласты таңғалдыратындай етіп маневр жасады, – дейді Е.Серғазин.


Полковниктің айтуынша, біздің жауынгерлеріміз де, Қырғызстанның Қарулы Күштері де, жалпы құрама бөлімдер белгіленген жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмалары мен жүктелген міндеттерді толығымен орындап шыққан.Оқу-жаттығуға Қазақстаннан тау қорықшылар полкімен қатар, әскери-әуе күштерінің өкілдері де қатысқан. Сондай-ақ бұл жиынға Шымкент авиабазасының ұшқыштары мен Тараз ұшқышсыз ұшу жүйелерін жауынгерлік пайдалану орталығының операторлары да атсалысқан.

– Бұл оқу-жаттығудың негізгі мақсаты мен міндеті – мемлекеттеріміз бен Қарулы Күштер арасында достық қарым-қатынас орнату, тәжірибе алмасу. Екі мемлекеттің Қарулы Күштері біздің тұтастығымызды, аумақтарымыз бен шекараларымыздың беріктігін сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы тиіс, – деп атап өтті Қуанышбек Үштаев.Оқу-жаттығудың соңында екі тарап өзара естелік сыйлықтармен алмасып, үздік нәтиже көрсеткен әскерилер арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

– Қырғыз Республикасы Қарулы Күштері басшылығының атынан Қазақстан Қарулы Күштерінің, әсіресе «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылығына «Дала сұнқары –2024» бірлескен тактикалық арнайы оқу-жаттығуын ұйымдастырғаны және өткізгені үшін алғысымды білдіргім келеді. Бұл оқу-жаттығу халықаралық терроризм мен экстремизм көрінісімен күресуге мүмкіндік береді. Оқу-жаттығуға қатысушылар үлкен тәжірибе жинады, өзара байланыс нығая түсті деп есептеймін, – деді Әділ Кеңесұлы.


Оқу-жаттығудың жабылу салтанатында қырғыз тарапы тау-кен полкінің командирі, подполковник Алмас Отыншиновқа айрықша алғыстарын білдірді.