Бірыңғай сайт әзірленді

0 4

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қоғамдық кеңестердің халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасындағы рөлі» тақырыбында сарапшылар брифингі өтті. Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев, осы орталықтың атқарушы директоры Әсет Жарқынов, «Қоғамдық кеңестер институтын дамыту» жобасының жетекшісі Ерік Батырханов қатысты.

Вице-министр Болат Тілепов ең алдымен қоғамдық кеңестер өкілеттігінің кеңеюіне тоқталып өтті. «Қоғамдық кеңестердің өкі­леттігі біршама кеңейтілді. Қазір бұл жөнінде заңнамалық ережелер мен нұсқаулықтар әзірленіп, бүкіл мәслихаттарға, мемлекеттік органдар мен қоғамдық кеңестердің өздеріне таратылды. Кеңес құру үрдісі қайта қаралды. Ендігі жерде олардың құрамының 70 пайызы үкіметтік емес ұйым өкілдері мен белсенді азаматтардан тұруы тиіс», деді ол.

Қоғамдық кеңестердің жұмы­сын реттейтін уәкілетті орган – Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі екенін ескерте келе, жыл соңына дейін Президентке осы бағытта атқарылған жұмыс­тар­дың есебі Ұлттық баяндама түрін­де өткізілетінін хабарлады. «Жыл сайын Ұлттық баяндама әзірлеу тәжірибесі қолға алын­ды. Биыл ел Президентіне алғаш рет ұсынылатын бұл құжат қазір аяқталып қалды», деді Б.Тілепов. «Өздеріңіз білесіз­дер, қоғамдық кеңес институты 5 институционалдық реформа шеңберінде 2015 жылы енгізілген. Осы уақыт ішінде тәжірибе көрсеткендей, олар қоғам мен биліктің арасын жалғаушы ретінде өзінің тиімділігін, жалпы қоғам өміріне қажеттілігін дәлелдей білді. Мысалы, осы 5 жылда қо­ғамдық кеңес тарапынан 20 мыңнан астам нормативтік құжат өткен болса, соның әрбір оныншысы немесе 2 мыңнан астам құжат кеңестен өтпей, жетілдіру үшін кері қайтарылған. Яғни азаматтардың өміріне тікелей әсер ететін бұл сапасыз құжаттардың кем­ші­лігі дер кезінде анықталған деп айтуға болады», деді вице-министр.

Министрлік өкілінің айтуынша, қазір мемлекеттік органдар басшылары қоғамдық кеңестер алдында есеп бере бастаған. «Тағы бір мысал, жыл сайын 1,5 мың мемлекеттік лауазым иесі қоғамдық кеңес алдында есеп береді. Бұл – туындаған мәселелер мен шешімін таппай жүрген сұрақтарға жауап алу мүмкіндігі. Осы 5 жылда мемлекеттік қыз­мет­тің сапасына қоғамдық монито­ринг аясында мыңнан астам зерттеу жасалып, баршаға ортақ өте өзекті сұрақтарды ашық тал­қылау нәтижесінде ұзын саны 2 мыңнан астам мәселе көтерілді. Міне, осының бәрі – көпші­ліктің ортақ мәселесіне көз жұм­бай, қашанда мінберден ұсыны­сын жеткізе білетін біздің белсен­ді азаматтарымыздың ақысыз негізде атқарған үлкен еңбе­гінің жемісі, жалпы азаматтық қоғам­ның жеңісі. Сондықтан да Пре­зи­денттің бастамасымен «Қоғамдық кеңес туралы» заңға тиісті өзге­рістер мен толықтырулар енгі­зіліп, осы жылдың басынан бас­тап қолданысқа енді», деді ведомство өкілі.

Одан бөлек жиын барысын­да қоғамдық кеңестердің жұмысын реттейтін kazkenes.kz атты бір­ың­ғай сайт әзірленгені мәлім бол­ды. «Қоғамдық кеңестің күнделікті атқарып жүрген жұмысын елге кеңінен жеткізудің маңызы өте зор және дәстүрлі ақпарат көздерімен оның бәрін қамту өте қиын. Азаматтар өз мәселесімен қоғамдық кеңестерге жүгінуі үшін мәселе көтеріп, оның шешімін қадағалап отыруы мақсатында бірыңғай қолда­нуға өте ыңғайлы ақпарат ресур­с­ының болуы өте маңызды. Сол себепті министрліктің тапсырысымен kazkenes.kz сайтының жобасы жасалып, бүгін, міне, назарларыңызға ұсынылып отыр», деді Б.Тілепов.

TALAP қолданбалы зерттеу­лер орталығының директоры Р.Ошақбаев қоғамдық кеңестердің құрамы мен белсенділігі туралы пікірін білдірді. «Қоғамдық кеңес қызметіне байланыс­ты бірқатар проблема бар. Бірін­ші кезекте, бұл қоғамдық кеңес­тердің құрамына байланысты. Басшылардың қоғамдық кеңес құрамын өзіне барынша қолайлы етіп жасақтауға тырысатыны туралы шағымдар көп болды. Шағымданушылардың айтуынша, қолайсыз сұрақ қоятын адамдарды кеңеске кіргізбеуге тырысатын көрінеді», деді сарапшы.

Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе республикалық деңгейде көп талқыланып, нақты шешім қабылданған. «Нәтижесінде, Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі тиісті заңға толық­тырулар енгізу жөнінде баста­ма көтеріп, құжат жобасын жа­сады. Бұл қоғамдық кеңес құра­мын сайлау процесін бірінші бас­шылардың қалауы мен ықпа­лынан едәуір тәуелсіз етуге мүм­кіндік береді», деді ол.

Сондай-ақ ол kazkenes.kz пор­талының қоғамдық кеңес инс­титутын дамытудағы рөліне тоқталды. «Бір жағынан, бұл қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенді еместігіне байланысты болуы, екінші жағынан олардың қызметі туралы ақпарат жетіспеуі мүмкін. Осының аясында біз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бірыңғай портал ашу бастамасын құптаймыз. Kazkenes.kz порталы сияқты барша қоғамдық кеңестердің қызметі туралы ақпарат беретін бірыңғай алаң құру біздің заңнамада көзделген», деді Р.Ошақбаев.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.