Біздің зерттеу: Тараздың қалалық ауруханасынан 700 млн теңге қалай ұрланған?
Біздің зерттеу: Тараздың қалалық ауруханасынан 700 млн теңге қалай ұрланған?
Jambylinfo.kz тілшісі анықтағандай, Тараз қалалық ауруханасындағы бас дәрігердің орынбасары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлеріне өзі шағым түсіріп, ақыры өзі қолға түскен. Бұған дейін хабарлағынымыздай, жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Тараз қалалық 1 көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Света Шаушенова мен бұрынғы бас есепші Айдана Достаеваны қолға түсіріп, сот санкциясымен қамауға алынған еді. Антикор екі әйелдің қалай қолға түскені туралы видео жариялап, бірінің зәулім үйін, қымбат көліктерін де көрсеткен. Екінші күдікті әйел қызметтік орнында ұсталған. Кейбір дереккөз екеуі қалалық аурухананың бюджетінен екі жыл бойы ақша жымқырғанын жазған. Сонда бас дәрігердің орынбасары мен есепші 700 млн теңгеден астам қаражатты қолды етіп жүргенін ешкім байқамағаны ма деген заңды сауал туындайды. Аурухананың ішінде өткен тексеріс, жалпы, облыстағы медициналық мекемелердегі тексертістердің бір де біреуі екі әйелдің «батпан құйрығын» көрмеген бе? Ауруханаға қаражат бөлетін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облыстық филиалы да бөлініп жатқан ақшаның қалай жұмсалатынын тексермегені ме? Осы сұрақтың жауабын табу үшін Jambylinfo.kz бірқатар жауапты мекемелерге ресми сауал жолдаған болатын. «Ақша бөлетін біз, жұмсайтын олар» Біздің ресми сауалымызға жауап берген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филилалы ауруханаға бөлінген қаражаттың қалай жұмсалатынын аурухананың өзі тексеруі тиіс деген мәлімет берді. «Науқастарды емдейтін дәрігерлер емес, әкімші қызметкерлер жылына жеті рет сыйақы алған»
Жалпы, Тараздағы осы 1 аурухананың қаржылық жағдайы нашар екенін қарапайым тұрғындардың өзі көріп, айтып жүр. Кейбір ашық дереккөзге сүйенсек, аурухананың 1,5 млрд теңге көлемінде кредиторлық қарызы бар. Аурухананың дәрігерлері, медбикелері, жалпы, науқастарды емдейтін медициналық құрамы сыйақы алмайтындарын бір емес, бірнеше рет БАҚ өкілдеріне айтып берген болатын. Енді, бас дәрігердің орынбасары мен бұрынғы бас есепші қолға түскеннен кейін бізге анонимді сұхбат берген қызметкер (сұхбаттың аудиожазбасы редакциясы қолында - агенттік) қарапайым дәрігерлер ешқашан сыйақы алмағанымен, аурухананың әкімшілік бөліміндегі жұмысшылар, шамамен 40 адам жылына жеті рет сыйақы алған дейді. Біздегі сенімді дереккөздің айтуынша, шамамен бір жыл бұрын аурухананың бас дәрігерінің орынбасары болып Хамит Мырзақасымов тағайындалған. Ал, аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әбілдаев (бұрынғы сенатор, бұрынғы бас прокурор, қаржы полициясының бұрынғы басшысы Қайрат Қожамжаровтың туған қарындасына үйленген азамат - агенттік) уақытша еңбекке жарамсыз болып, ұзақ уақыт демалысқа кеткен. Мырзақасымов бас дәрігердің орынбасары лауазымына тағайындала сала, осы Әбілдаев атқаруы тиіс жұмыстарға білек сыбана кіріскен. Аурухананың әкімшілік бөлімінде жұмыс істейтін біраз адам, дәлірек айтсақ, қазір өзі Антикордың қамауына алыған Света Шаушенов мен әріптестері адам Мырзақасымовтың үстінен көп арыз түсіре бастаған. Олар көбінесе Мырзақасымов қызметкерлерді заңсыз жұмыстан шығарды, бұрын сыбайлас жемқорлықпен істі болған адамдарды жұмысқа алды деген мазмұндағы арыз қалдырған. Біздің дереккөздің айтуынша, Шаушенова Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшылығына барып, аурухананың құжаттарын тексеруді сұраған. Осылайша, Антикордың Жамбыл облыстық филилы бірнеше ай бойы тексеру жүргізіп, аурухананың бюджетінен 758 млн теңгенің жоғалғанын тапқан. «Өтірік сот шешімін шығарып, ақшаны қалталарына басқан» Бұл қаражат қайда кетті деген Антикор аурухананың бүкіл құжатын тексерген. Осылайша, аурухана бір жауапкершілікі шектеулі серіктестіктің шотына 700 млн теңгені екі транш арқылы аударғаны анықталады. Біздің дереккөз хабарлағандай, бұл ЖШС ауруханамен соттасып, сотты жеңген. Сондықтан, сот шешімін орындау үшін аурухана әлгі ЖШС-ның шотына 700 млн теңге аударған. Бір қарағанда, аурухана заң талаптарын, соттың айтқанын бұлжытпай орындағандай көрінеді. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері әлгі сот шешімін алып, облыстық сотқа ресми сұраухат жолдаған. Анықталғандай, аурухана мен әлгі ЖШС арасында ешқандай да дау-дамай болмаған, ешбір сот екеуінің арасындағы істі қарап, ЖШС пайдасына 700 млн теңге өндіру туралы шешім шығармаған. Яғни, аурухана сот шешімін қолдан жасап, оған өтірік нөмір мен мөр басып, ақшаны ЖШС шотына аударып алған. Осы уақытқа дейін Антикордан басқа, тексеру жүргізген тараптың бәрі сот шешімі шын ба, өтірік пе деген күдікке бой алдырмаған. Осылайша, біздің дереккөздің айтуынша, басқа бас дәрігердің орынбасарының үстінен арыз түсірген Шаушенованың ісі өзінің сыбайластық әрекетін әшкере етіп отыр.