Бокстан Азия чемпионатында ел намысын кім қорғайды

0 30

Иордания астанасы — Амман қаласында өтетін бокстан Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын құраманың құрамы белгілі болды, деп хабарлайды Жамбылинфо ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Еліміздің ерлер құрамасы құрлықтық додаға қатысатын былғары қолғап шеберлерінің тізімін жариялады. Олардың қатарында негізінен бұрыннан сынға түсіп жүрген спортшылар саны басым. Бапкерлер беделді бәсекеде 67 келіде Дулат Бекбауовқа сенім артып отыр. Жамбыл облысының өкілі бұған дейін ел чемпионатында топ жарған. Жеке бапкері — Нұрлан Ақүрпеков.

Сондай-ақ, Олимпиаданың қола, әлем чемпионатының қос дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев та құрлықтық дода бәсекесіне қатысады. Ол бұған дейін 2017, 2019, 2021 жылдарда Азия чемпионатында екінші орын алған еді.

Құрлықтық додада олардан өзге Санжар Тәшкенбай (48 келі), Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмуд Сабыржан (54 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Самаәлі Төлтаев (60 келі), Санатәлі Төлтаев (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Сағындық Тоғамбай (86 келі), Айбек Оралбай (92 келі) құрама сапына қабылданды.

Еске салсақ, бұған дейін аталған бәсекеде ел намысын қорғайтын Қазақстан әйелдер құрамасының тізімі белгілі болды.

Азия чемпионаты 30 қазан мен 13 қараша аралығында өткізіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.