Боран күні туристерге көмек көрсеткен жамбылдық полицей марапатталды
Жолда қалған жолаушыларға жақсылық жасаған Серік Есенғали халықтың да ыстық қыласына бөленді
Жамбыл облысы ПД бастығы Бақытжан Малыбаев аймақтағы қарлы боран кезінде халыққа көмек көрсеткен жол сақшысы Серік Есенғалиді арнайы марапаттады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жиында Бақытжан Малыбаев Серік Есенғалидың қызметіне адалдығы мен адамгершілігін ерекше атап өтті.
Еске салайық, 23 қаңтар күні Серік Есенғали боранда қалып қойған шетелдік туристер мен алматылық жас отбасыға көмек көрсетіп, оларды үйіне алып келіп, жылу мен қамқорлық танытты. Сондай-ақ, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырып, жолаушыларға жәрдем қолын созды.
Серік Есенғалидың бұл қайырымды әрекеті көпшіліктің көңілінен шығып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған соң халық оған «Міне, халық жанашыры», «көпке үлгі іс», «осындай мемлекеттік қызметкерлер көбейе берсін», «нағыз азамат» деп оң пікірлер мен алғыс білдірді.
Бақытжан БЕКБОЛАТ