"Депутатқа сенеміз деп дүниемізден айырылдық". Мәжілісмен Дәулет Мұқаевтың басы дауға қалды
"Депутатқа сенеміз деп дүниемізден айырылдық". Мәжілісмен Дәулет Мұқаевтың басы дауға қалды
Менің атымнан барсаңыздар 20 пайыз жеңілдік, - деген қазіргі мәжіліс депутатының сөзіне жұрт имандай сеніп, бар ақшасын берген. Алайда DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмай жатып тоқтапты. Тұрғындардың сөзінше жауапты компанияның әуелбаста үй салуға рұқсат қағазы болмапты. Баспанаға мұқтаж бұқара 2022 жылы қыркүйекте блогер Дәулет Мұқаевтың парақшасынан шаршы метрі 300 мың теңге болатын пәтер сатылады дегенді естіген. Тіпті менің атымнан келсеңдер 280 мың болады депті. Кілтті 2023 жылдың соңында алатындарын айтқан.
Келісімшартты тоқтатуға да себеп бар. Өйткені желтоқсанда берілуі тиіс үйдің жертөлесі ғана салыныпты. Себебі "MAX BET PV2" ЖШС-нің аталған аймаққа көпқабатты үй салуға рұқсат қағазы әуелбаста болмаған. Ал үй алу кезінде алданбаудың жолдарын үйретіп жүрген Дәулет Мұқаевтың жарнама жасау кезінде шикілікті білмеді дегеніне күмәнмен қарайды.
Белгілі блогерлердің жарнамасына сеніп алданған бұқара баса көктеп жауапты компанияның кеңсесіне келді. Алайда аптасына алты күн жұмыс істейтін мекеме журналист келеді дегенді естіді ме, әйтеуір "кешіріңіздер бүгін дизенфекция" деген ақ қағазды жабыстырып жұмыс істемейтіндерін жеткізді. Құрылыстың тоқтағанын көріп алданғандардың көпшілігі құзырлы органдарға арыз жазған. Алайда жауапты компанияның меншігінде ешқандай мүлік тіркелмепті.
Амалы таусылған бұқара депутат Дәулет Мұқаевтың жарнама жасағанын айтып мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа хат жолдаған. Келген жауапта ҚР Парламенті Мажілісі төрағасының жанынан құрылған Депутаттық әдеп кеңесі отырысында мәселе қаралды депті.
Ал жергілікті әкімдік өкілдері компанияның құрылысы заңсыз және бас жоспармен сәйкес келмейтінін айтқан.