Депутаттар көне шаһардың шырайын арттыруға өз үлестерін қосуы қажет

0 0

Жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс төртінші сессиясы өтті. Мәслихат депутаты Қайрат Жетібаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков, облыстық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары қатысты.

Онлайн режимде өткен жиында алдымен облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2020 жылдың 11 желтоқсанындағы №52-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндама жасады. Сондай-ақ басқарма басшысы өз баяндамасында «2020-2022 жылдарға арналған облыстық және аудандық (қалалық) бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдерінің және табыс салығы, әлеуметтік және корпоративтік табыс салығы түсімдерінің бөлу нормативтері туралы» облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 12 желтоқсандағы №41-4 шешіміне толықтыру енгізу туралы мәселеге де тоқталды.
Мұнан соң халық қалаулылары басқарма басшыларына сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Алдымен депутат Ерқанат Манжуов баяндамашының 165 миллион теңгеге ішкі істер органдарының нысандарына 1114 бейнебақылау орнатылатынына қарсы екенін жеткізді. Ол мұның себебін бейнебақылау құрылғыларын алуға тым көп қаржы бөлінгенімен түсіндірді. Дегенмен бұл сұраққа Гүлдана Әлімжанқызы бөлінген қаржыға облыс орталығы мен аудандардағы жиырмаға жуық полиция ғимаратына бейнебақылау қондырғылары орнатылатынын жеткізді. Сондай-ақ депутаттың көтерген мәселесіне облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов те жауап беріп, бөлінген қаржыға өңірдегі жиырмаға жуық полиция ғимаратының кісі қабылдау бөлмесінен бастап барлық кабинеттері бейнебақылау құрылғыларымен қамтылатынын мәлім етті.
Сонымен қатар депутат балабақшалардағы бүлдіршіндердің ас мәзіріне бөлінетін қаржыға көңілі толмайтынын білдіріп, аудандарда әр балаға небәрі 4 200 теңге, ал облыс орталығында 7 800 теңге ғана бөлінетінін тілге тиек етті. Сондықтан ол кейбір имидждік үшін салынып жатқан ғимараттарға бөлінетін қаржыны аталған бағытқа жұмсау керектігін айтты. Бұдан өзге халық қалаулысы Ерқанат Нұрбапаұлы нәтижелі жұмыс істеген педагог мамандарға арнайы грант қарастырылғанын сөз етіп, мұндай қолдау дәрігерлерге де қарастырылса деген ойымен де бөлісті. Өз кезегінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев депутаттың көтерген сауалдарына жауап беріп, күн тәртібіне шығарылған мәселелер облыстағы, оның ішінде Тараз қаласын көркейтуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру үшін маңызы зор екенін жеткізді.
– Балабақша мәселесіне келетін болсақ, қазіргі таңда бұл салаға көп қаржы бөлініп жатыр. Оған бір жағы қызметкерлердің айлық жалақысының көтерілуі де себеп. Балалардың ас мәзірі бюджет есебінен төленуде, – деді Бердібек Машбекұлы.
Мұнан соң сессияда күн тәртібіне қойылған басқа да мәселелер қаралып, мәслихат депутаттарының қолдауына ие болды. Сонымен қатар қаралған мәселелер бойынша арнайы шешімдер шығарылды.
Жиынды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев өңір бюджетін нақтылау үшін өз үлестерін қосқан мәслихат депутаттарына алғысын білдіріп, мұндай маңызды жиындар аймақтағы кейбір нысан құрылыстарының жұмысын тезірек бастауға себебін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ аймақ басшысы Тараз қаласын абаттандыру мен көркейту жұмыстары басталғанын тілге тиек етіп, бұл бастамаға депутаттардың да үлес қосу қажеттігін жеткізді.
– Облыс орталығын абаттандыру мен көркейту аясында «Депутаттар» аллеясы да бой көтермек. Сіздер де өз тараптарыңыздан бұл жұмыстарға қолдау білдірсеңіздер. Шынында, сіздердің көпшілігіңіз кәсіпкерсіздер. Сондықтан өлкеміздің гүлденуіне үлестеріңізді қосыңыздар. Ал Тараз қаласын көріктендіру бойынша ұсыныстарыңыз болса, қала әкіміне ұсыныңыздар. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда басқаларға үлгі болыңыздар, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.