"Дипломат болғымыз келеді". Ақтауда Қасым мен Жомарт есімді егіз тұрады
"Дипломат болғымыз келеді". Ақтауда Қасым мен Жомарт есімді егіз тұрады
Ақтауда Қасым мен Жомарт есімді егіздер тұрады. Олар Президент Тоқаев секілді мамырда дүниеге келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. Қасым мен Жомарт 2009 жылы Ақтауда дүниеге келген. Білімге зерек егіздер №11 мамандандырылған физика-математикалық лицейдің 8-сыныбында оқиды. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Екеуі де болашақта дипломат болуды армандайды. Қазір сүйікті пәндері - математика және көркем әдебиет. Сабақтан бос уақытында бокс үйірмесіне барады. Оқуға зерек егіздер түрлі білім сайысына қатысып, жүлделі орын алған. "Менің бауырым Жомарттың айтуынша, біздің арманымыз бір. Біз өскенде саясаткер болғымыз келеді. Сол арманымызға жету үшін, әрине, көп оқуымыз керек. Арманымызға жетеміз деген ойдамын", - дейді Қасым. Ұстаздарының айтуынша, егіздер атына заты сай. Үнемі ізденісте жүреді. Болашақта қытай, француз тілдерін үйренуді мақсат қойған. "Былтыр Дубайға барып келді. Сол жақтан ағылшын тілінен жарысқа қатысты. Еліне пайдасы тиетін азамат болып өсуіне анасымен бірге тәрбиелеп, атсалысып жатырмыз", - дейді егіздердің әкесі Ерлан Мәуленов. Ақтаулық егіздер - үйдің үлкені. Олардан кейін Іңкәр және Кәусар есімді қыздар өсіп келеді. Қасым мен Жомарттың асыл арманы - ел Президентімен кездесіп, еркін сұхбат құру.