Жаңалықтар

Еңбекпен биіктеген Дина

The final spritzer

Қоғам дамуының негізі – қарапайым еңбек адамының маңдай тері мен адалдығы. Зауыттар мен өндіріс орындарында тынымсыз еңбек етіп жүрген жандар – ел экономикасының тірегі. Олар – дамудың үнсіз, бірақ сенімді кейіпкерлері. Солардың бірі – Дина Мұхамбетова.

Еңбек адамын дәріптеу мақсатында Jambylinfo.kz тілшісі «Super pharm» зауытына арнайы барып, қаптау цехының жетекшісі Дина Мұхамбетовамен сұхбаттасты.

Дина Бектұрғанқызы 1977 жылы 2 қарашада Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. Бүгінде ол – «Super pharm» зауытындағы қаптау цехының басшысы. Ал еңбек жолын осы кәсіпорында 2011 жылы қарапайым жұмысшы ретінде бастаған еді. Бір қарағанда қарапайым өмір, бірақ осы 14 жыл ішінде Дина табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Алдымен орау цехында үш жыл жұмыс істеп, өндірістегі әр процесті толық меңгеріп, жауапты жетекші лауазымына дейін көтерілді.

Бұл жетістік оңайлықпен келген жоқ. Оның артында күнделікті тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіс, әріптестермен сыйластық пен отбасынан көрген қолдау жатыр.

Ол – төрт баланың анасы, үш немеренің сүйікті әжесі. Жолдасы Қавнат екеуі бір-біріне тірек бола білген жұп. Дина қызмет пен отбасын ұштастырып, өмірдің тепе-теңдігін сақтай алған жан. Оның айтуынша, әйел үшін тек мансап емес, отбасының берекесі мен тыныштығы да аса маңызды.

 

Зауытта еңбек ету – жай ғана табыс табу емес, бұл – үлкен ұжыммен ортақ мақсатқа жұмыс істеу, кәсіби даму жолы. «Super pharm» зауыты жыл сайын дамып, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Мұнда еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолдау басты назарда.

Дина өз жетістігін жеке еңбекпен шектемейді. Ол әріптестерінің де еңбегін жоғары бағалайды. Әсіресе, әйелдердің табандылығы мен төзімділігіне сүйсінеді. Оның пікірінше, әйелге құрмет тек мереке күндері емес, күнделікті көрсетілуі тиіс.

Бүгінде елімізде жұмысшы мамандықтарының беделі артып келеді. Еңбек адамына деген көзқарас оң бағытта өзгеруде. Бұл өзгерісті айқын көрсету үшін Дина Мұхамбетова сынды жандардың өмір жолы көпшілікке үлгі болуы тиіс.

Дина – мыңдаған еңбекқор әйелдің бейнесі. Ол – тек бір зауыттың емес, тұтас еңбек адамының абыройын қорғап жүрген қайсар жан.