"Ең болмаса вакцинаны дұрыс ұйымдастырыңыз": Мәжіліс төрағасы Цойдың жұмысын сынға алды
"Ең болмаса вакцинаны дұрыс ұйымдастырыңыз": Мәжіліс төрағасы Цойдың жұмысын сынға алды
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жұмысын сынға алды. Денсаулық сақтау министрі еліміздегі вакцинация процесі туралы айтып берді.
Нығматулин Цойға вакцинаның екі дозасы арасындағы айырмашылық туралы әртүрлі ақпарат халықты шатастырып жатқанын айтты. Оған қоса, вакцинаның екінші дозасын алған адамдар санына шүйлікті. "Сонда бір күнде 60 мың адам вакцинацияланды ма? Нақты ақпарат берсеңіз. өйткені, мысалы, сіз екі дозаның арасын 21 күн дедіңіз, орынбасарларыңыздың бірі 45, 90 күн деген ақпарат таратып жатыр. Біз халықты әбден шатастырдық қой. Біз халықаралық стандарттарға бағынуымыз керек қой. Сіздердің дипломдарыңызда денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы деп жазылған ғой. Ең болмаса, вакцинацияны жөндеп ұйымдастырсаңыздаршы. Өйткені бір ақпарат шығады, одан кейін мүлдем басқа ақпарат шығады. Негізі Алексей Цой мырза сіз дұрыс айтып отырсыз. Бастапқыда халық қарсы болғаны рас. Бірақ біздің мақсатымыз - вакцинаны дұрыс ұйымдастыру. Мемлекет басшысы да тапсырма берді. Бірақ жеткілікті деңгейде жұмыс жасалмады", - дейді Нығматулин. Оған қоса, Нығматулин Жамбылдағы зауыттағы вакцина өндірісіне қай министрлік жауапты екенін анықтамақ болды. "Өздеріңіз де ешнәрсе түсініп отырған жоқсыздар. Бұл өте маңызды жоба. Бұл вакцинаны халық күтіп отыр. Қажетті қаражат сіздерге берілген болатын. Қазір қайтадан қаржы сұрап отырсыздар, тағы береміз. Барлығы сіздердің қолдарыңызды. Барлығын жөндеп ұйымдастырыңыздар", - дейді Нығматулин.