Жаңалықтар

Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай- ақ, көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн - Президент

Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай- ақ, көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн - Президент

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор екенін атап көрсете келе, егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келгенін еске салды. «…Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай- ақ, көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн», деді.

Президент бұған дейінгі Жолдауларында да, республикалық басқа да түрлі жиындарда агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы тың бастамаларын ортаға салып, оны орындауды түрлі тармақтағы билікке тапсырып келеді. Жылдан-жылға азайып жатқан су мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, аса өзекті мәселені шешудің жолдарын көрсетіп, оны да орындауды міндеттеуде. Президент бастамалары мен тапсырмаларының шалғайдағы Сарысу ауданында орындалуы қалай? Су аяғындағы аудан шаруалары нәсібені көбіне көктен тілейді. Дегенмен де, Жаратқан Ие селдетіп жауынын бере салады деп те қол қусырып қарап отырмайды. Аудан басшылары, тиісті құрылымдардың жетекшілерімен бірігіп, аудан аумағындағы екі су қоймасына жиналған азды-көпті суды тиімді пайдаланып, егіндіктер мен бақша алқаптарына мүмкіндігінше су алып, жыл сайын егін егеді, бақша дақылдары мен көкөніс өсіреді.

– Биыл шаруашылық құрылымдары 24508 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның 9850 гектары дәнді дақылдар болса, жаздық арпа 4100, дәндік жүгері 1250 және биылғы өнім үшін егілген 4500,0 гектар күздік бидай. Майлы дақылдар, арпа 8300, картоп 45, көкөніс 220, бақша дақылдары 293 гектарға егілді. 5800 гектарға көпжылдық шөп егілсе, жаңадан егілгені 1500 гектар. Былтырмен салыстырғанда, биылғы егістігіміз 279,5 гектарға артық.

Көктемгі дала жұмыстары наурыз айының басында ерте басталды. Бұл өз кезегінде шаруашылықтардың ұйымдасқан сапалы жұмысы және шаруаларды уақтылы тұқыммен, жеңілдетілген дизельмен, несиелік қаржымен қамтамасыз етілуінің нәтижесі. Мамыр айының жиырмасына дейін көктемгі дала жұмыстары толық аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарына 350-ден астам шаруашылық қатысты. 740 тонна жаздық арпа тұқымы, 205 тонна мақсары тұқымы, 32 тонна дәндік жүгері тұқымы, 40 тонна жоңышқа тұқымы дайындалып, қажеттілік толық шешілді.

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті дизель отыннан да, қаржыландырудан да, техникадан да, минералды тыңайтқыштан да ешқандай мәселе туындаған жоқ, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов

Президенттің су үнемдеу туралы тапсырмасын орындауда да қашанда суға сергек қарайтын сарысулықтар бұл мәселені ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Ауданда егістік жерлерді суғаруға арналған «Ынталы» және «Бүркітті» қоймасы, сонымен қатар, 16 су жеткізуге арналған магистралды каналдар бар. Су қоймалары «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының теңгерімінде, ал каналдар толық аудандық коммуналдық меншікте. Аудандағы су жүйелері каналдарының жалпы ұзындығы 109,4 километр. Бүгінде 3 каналға лоток жүйелерін орналастыру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаты дайындалып, жалпы 652,3 миллион теңгеге облысқа бюджеттік өтінім беріліп, қаралып жатқан көрінеді. Қалған 12 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжатын жасауға биылға аудандық бюджеттен 57 миллион теңге қарастырылуда екен.

Ауданда суармалы егістікке пайдаланылатын ұзындығы 109,4 километр 16 каналға тазалау жұмыстары жүргізіліп, Шабақты мен Бүркітті өзенінен суармалы егістік жердегі көпжылдық шөп пен жүгері алқаптарына су берілген. Қызыл су арқылы 903 гектар егістік алқабы суарылған.

Бүгінгі таңда 8600 гектар астық дақылдары алқабы толық жиналды. Нәтижесінде, 5246 тонна жаздық арпа және бидай дақылы жиналып, орташа өнімділік гектарына 6,4 центнерден айналыпты. Биылғыдай ауа райының қолайсыздығы және жауын-шашын мөлшерінің аздығына қарамастан, ерте көктемнен бастап ала жаздай тыным таппаған шаруа қауымы бұған да тәуба дейді.

Бұдан бөлек, майлы дақылдар алқабының 7000 гектарынан 2310 тоннадан астам өнім жиналыпты. Орташа түсім – гектарына 3,3 центнер. Дәндік жүгері алқабының 1250 гектары толық орылып, 10625 тонна өнім жиналып, орташа өнімділік гектарына 85 центнерді құраған. Көкөніс және бақша алқаптары да жиналып, жалпы жиналған өнім 15224 тонна болып, орташа өнімділігі гектарына 296,6 центнерден айналыпты.

Келесі жылдың өнімі үшін 30-дан аса шаруа қожалығы 4000 гектарға күздік бидай егуді жоспарлаған. Өткен аптаның соңына дейін 320 гектарға егілген. Бүгінде күзгі дала жұмыстары одан әрі жалғасуда. 2023 жылы мал азығын дайындау үшін шөп шабуға белгіленген алқап көлемі – 43180 гектар. Оның ішінде, 37380 гектар табиғи шабындық алқабы және 5800 гектар жоңышқа алқабы бар. Бүгінде 37380 гектар табиғи шабындық алқабы толық орылып, жоңышқа ору барысында алғашқы орымда 5800, екінші орымда 2700 және үшінші орымда 1500 гектар жоңышқа алқабына шалғы түскен.

Биыл 123 мың тонна шөп дайындау жоспары бекітілсе, аудан тұрғындары 127 мың тонна шөп жинаған. Бұдан бөлек, былтырдан қалған 12 мың тонна шөп қоры бар және 27 мың тонна қосымша арпа, бидай, мақсары сабандары жинақталған.