Жаңалықтар

Экология министрі: Иесіз иттерге байланысты шағым шынымен көп

Экология министрі: Иесіз иттерге байланысты шағым шынымен көп

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Үкіметтің кеңейтілген кеңесінен кейін иесіз иттердің мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Жамбылинфо ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. «Шынымен де иесіз иттерге байланысты шағым көп. Экология министрлігінің иесіз жануар күтімінің жауапкершілігіне байланысты шұғыл желі құруындағы себептің бірі осы шағымдардың көптігінде еді. Шағымның сипаты әркелкі. Біреулер жануарларға деген қатігездікке шағымданса, тағы бір топ жабайыланып кеткен үй жануарларының адамға шабатынын алға тартады. Ірі денелі итін қараусыз жіберетін адамдар да бар. Олар балаларға шабады дегендей», - деді ол. Сондай-ақ, ведомство басшысы жануарлардың күтіміне байланысты заң қолданысқа енгелі көп болмағанын еске салды. «Жануар күтімінің жауапкершілігі туралы заңның жаңа құжат екенін түсіну керек. Нормаларының бәрі бірдей күшіне еніп үлгерген жоқ. Мысалы, үй хайуанаттарына чип салуды міндеттейтін норма 1 қыркүйекте күшіне енеді», - деді Зүлфия Сүлейменова. Сондай-ақ, министр иесіз иттер ұстайтын орындарға қойылатын талаптар біріздендірілетінін айтты.