Жаңалықтар

"Елбасы жылуы": 200 отбасы азық-түлікпен қамтылады

"Елбасы жылуы": 200 отбасы азық-түлікпен қамтылады

Жамбыл облысында 200 отбасыға 120 тонна азық-түлік үлестірілуде. Бұл «Елбасы жылуы» ауқымды қайырымдылық шарасының екінші кезеңі аясында ұйымдастырылған игілікті іс. Қайырымдылық шарасына іліккен әр отбасыға 130 келіге дейін тауар, оның ішінде ұн, картоп, жеміс, күріш, қарақұмық, шәй, қант, күнбағыс майы сияқты азық-түлік, гигиеналық заттар және басқалар жеткізіп беріледі. Қазіргі таңда азық-түлік себетін 100-ге жуық аз қамтылған көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, ерекше күтімді қажет ететін балалары бар жанұялар алып үлгерді. Альфия Жарылқапова, көпбалалы ана: - Бұл көпбалалы аналарға бірталай көмек. "Елбасы жылуы" қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларға, әсіресе еріктілерге алғысымыз шексіз. Гүлбияз Девришоглы, көпбалалы ана: - 4 баланың анасымын. Мүмкіндігі шектеулі, ерекше балам бар. Тауарды еріктілер әр үйге жеткізіп беріп жатыр екен. Мен өзім алып кетуге келдім. Азық-түліктен бастап, сабынға дейін бар. Сауапты істің басы-қасында жүрген ерікті Арман Елемесовтің айтуынша, коронавирус пандемиясы қоғамда қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруға дайын жандардың көп екенін тағы бір рет көрсетті. "Елбасы жылуы" да – коронавирус пандемиясынан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге бағытталған бастамалардың бірі. - Азық-түлік өнімдері және аса қажет басқа да тауарларды Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарынан 681 отбасы алды. Бұл жолы қайырымдылық шарасы Талдықорған, Орал қалаларында, сондай-ақ, Алматы, Ақмола және Жамбыл облыстарында тұратын 1 000 отбасын қамтиды, - дейді ол. Игі істе еріктілердің еңбегі ерен. 50-ден астам ерікті күннің ыстығына қарамастан, тауарларды көлікке тиеп, көмек алушыларға тікелей өздері жеткізіп беруде. Нақтырақ айтсақ, көмек алушы әрбір отбасыға 25 кг ұн, 5 кг қант, 5 кг сәбіз, 10 кг пияз, 25 кг картоп, 10 кг күріш, 10 кг макарон, 5 литр күнбағыс майы т.б. ең қажетті тауар түрлері үлестіріледі. Ауқымды шара бірнеше күнге жалғасады. Фарида Сейілханқызы.